Қоғам

Депутаттар қауіпсіз жерге көшірілген тұрғындармен кездесті

Топан судан зардап шеккендердің бір бөлігі №4 орта мектепке орналасқан. Мұнда Заречный, Былғары зауыты, Ойқала және Тепличное тұрғындары жеткізіліпті. Барлығы 51 теріскейлік, 3-еуі – бала.

ТАТЬЯНА СЕРГЕЕВА, №4 орта мектебі директорының міндетін атқарушы:

– 9-ші сәуірден бері мектепке адамдар келіп жатыр. Негізі тұрғындар Заречный кентіндегі білім ұясына орналасуы керек еді.
Алайда, ондағы жағдай қиын. Бізге жеткізілген жерлестеріміз бастапқыда көмекке зәру болды. Көпшілігі сырт киімсіз далаға шығыпты. Қазір мұнда Астанадан келген еріктілер қолқабыс етіп жатыр. Оларға айтатын алғысым шексіз.

Өңірдегі жағдай әлі де күрделі. Эвокопунктерге орналастырылып жатқан халықтың да саны сағат сайын өсіп жатыр. Оларға әкімдіктен бөлек, түрлі ерікті ұйымдардан көмек қолы созылуда. Бүгін амалсыздан үй-жайларын тастап, арнайы мекемеге орналасқан халықтың жайымен облыстық мәслихаттың депутаты танысты.

ЮЛИЯ ПРОНИНА, «АМАNАТ» партиясы әйелдер қанатының мүшесі, облыстық мәслихаттың депутаты:

– Барлық эвокопункте тиісті мамандар мен еріктілер тынбай қызмет көрсетіп жатыр. Бірақ қолайсыздық немесе қажеттілік кез келген уақытта туындайды. Оны уақытында шешуге барымызды саламыз. Біз әрбір адаммен сөйлесіп, не керектігін сұрап, тізім құрып жатырмыз. Қазақстан халқы Ассамблеясына да жүгінуге болады. Осы орайда халықтан дүрбелеңге салынбауды сұраймын.

Жанар Тәшібаева мектепке 3 күн бұрын әкелінген. Заречный кентінің тұрғыны 3 баласымен бірге осында.

ЖАНАР ТӘШІБАЕВА, қала тұрғыны:

– Тиісті жәрдемді көрсетіп жатқан жандарға алғысым шексіз. Әрбір адамның қалауын барынша орындап жатыр. Керек-жарағымызды әкелуде. Тіпті психологтар да бар. Олар бізді рухани түрде қолдап, жылы сөздерін айтып жатыр. Біз ешқандай затымызды алып үлгермедік. Үй жануарларымыз да сонда қалды.

Мектептің спорт залы үйдегідей етіп жарақталған. Мұнда теледидар мен киім жуатын техника да бар.

 

Ақжүніс Мұқатай