Ауыл шаруашылығы

Биыл М. Жұмабаев ауданында 434,8 мың гектарға егін егіледі

Иван Компелецкий жұмыс істейтін агроқұрылым Мағжан Жұмабаев ауданындағы Алтын дән ауылдық округінде орналасқан. Биыл «СК Агро-2050»серіктестігінің құрылғанына 9 жыл толып отыр. Азамат мұнда осынша уақыт механизатор болып еңбек етеді. Қазір білікті маман трактор мен себу кешендерін егіс науқанына дайындауда. Серіктестік техниканы 3 жылда бір рет жаңартып отырады екен.

ИВАН КОМПЕЛЕЦКИЙ, «СК Агро-2050» ЖШС механизаторы, Мағжан Жұмабаев ауданы:

– Қазір барлық техниканы күрделі дайындықтан өткізіп жатырмыз. Қажетті құрал-саймандар уақытында жеткізіледі. Біздің салада қиындықтар туындайды. Бірақ мойымаймыз. Жалақымыз әрдайым төленеді. Егіске мамыр айында шығамыз деп отырмыз.

Серіктестік 30 мың гектар алқапқа дән себуді жоспарлап отыр. Дала жұмысына 20 техника шықпақ. Қазіргі таңда мұнда 200-ге жуық адам жұмыс істейді.

НИКОЛАЙ КЛЯЙН, «СК Агро-2050» ЖШС директоры, Мағжан Жұмабаев ауданы:

– Биыл 20 мың гектар алқапқа бидай, 2 мыңға арпа, 4 мыңға зығыр және 1 мың гектарға жүгері егілмек. Ал қалғаны жемшөпке бөлініп отыр. Мамырдың бірі күні ылғалды жабуға шығамыз. Жанар-жағармаймен қамтамасыз етілдік. Бұл тұрғына мәселе туындаған жоқ.

Ауданға келетін болсақ, биыл Мағжан Жұмабаевта 434,8 мың гектарға егін егілмек. Дәнді және дәнді-бұршақты дақылдарға бөлінген жердің көлемі 325,8 мың гектарды құрайды. Майлы өнімдер 60 мың гектарда өсірілмек. Азықтық дақылдарға тиесілі көлем – 47,8 мың гектар. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 13,7 мың гектарға артық.

ҚАЙРАТ МҰСТАФИН, М.Жұмабаев аудандық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің бас маманы:

– Биыл 5 800 тоннадан астам жеңілдетілген дизель отынына 144 шарт жасалды. Ауданның ауыл шаруашылығы құрылымдары 48,9 мың тонна тұқым себеді. Оның 25 мың тоннасы зертханалық талдаудан өтті. Сондай-ақ, осы жылдың қаңтар-ақпан айларында 648 млн теңгеге 62 техника мен жабдықтар сатып алынды.

Айта кетейік, бүгінде Мағжан Жұмабаев ауданында 80-нен астам жауапкершілігі шектеулі серіктестік бар.

 

Гүлден Сембаева