Қоғам

Су тасқыны кезінде азық-түлік бағасын көтергендер айыппұл арқалайды

Біреу тоңып секіреді, ал енді біреу тойып секіреді. Елдің бірқатар бөлігіндегі халықтың баспанасын қызыл су басып, барынан айырылып жатса, кейбір пысықайлар қара басының қамын ойлап, баға үстіне баға қосудан тартынар емес. Сандармен бөлісейік. Қазіргі қауырт кезеңде елімізде әлеуметтік маңызы бар тауарлардың құнын көтергені үшін 46 әкімшілік қаулы шығарылған. 6 кәсіпкерге айыппұл салынып, қалғанына ескерту жасалған екен.

ҚАНАТ ЖЕҢІСБЕКҰЛЫ, СҚО сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы:

– Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына мыналар жатады: Бірінші сұрыпты бидай ұны, бірінші сұрыпты ұннан жасалған бидай наны, түтік кеспе (таразы), қарақұмық жармасы, ұнтақталған күріш, картоп, сәбіз, пияз, ақ қырыққабат, қант-түйіршіктелген қант, күнбағыс майы, сиыр мен тауық еті, 2,5% пастерленген сүт майлығы, 2,5% айран майлығы, сары май, тауық жұмыртқасы, ас тұзы және сүзбе.

Қазіргі күрделі жағдайға байланысты ел көлемінде, оның ішінде біздің өңірде азық-түлік бағасын шарықтатпау бойынша профилактикалық жұмыс жүргізілуде. Айта кетейік, бұл бағытта ҚР ӘҚБК 204-ші бабына сәйкес заң нормаларын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген.

ҚАНАТ ЖЕҢІСБЕКҰЛЫ, СҚО сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы:

– Осы баптың бірінші бөлігіне сәйкес сауда үстемесінің бағасын арттыру ескерту жасауға алып келеді. Екінші бөлігіне сәйкес ескерту алған тұлға 1 жыл ішінде қайта бағаны арттырса, шағын кәсіпорынға – 10, орта – 75, ал ірі кәсіпорынға 300 АЕК айыппұл салу көзделген.

Әзірге, облыста заңның ала жібін аттау фактісі тіркелмеген. Егер тұрғындар бұзушылық байқаса жауапты департаментке немесе “E-otinish” ақпараттық платформасы мен “Egov” порталының құралы бойынша өтініштер жібере алады.

 

Ақжүніс Мұқатай