ТЖ

Су тасқыны басталғалы 10 елді мекенге қызыл су кірген

Қазір өңірде топан суға қатысты жағдай бойынша Есіл, Қызылжар ауданы мен Петропавл қаласы қауіпті аймақта тұр. Петровка, Покровка, Николаевка және Боголюбово, Семипалатное елді мекендерінің шеткі көшелерін қызыл су жайлаған. Төтенше жайт басталғалы облыста 2 мыңнан астам адам эвакуацияланыпты. Оның 502-сі – бала.

МҰРАТ ҚАНҒОЖИНОВ, СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

– Сергеев су қоймасы 4 метрден асып, антирекорд орнаған еді. Екі тәуліктің ішінде 25 см-ге төмендеп, 395 см-ді құрап отыр. Бүгін Петропавлға су кіреді деп болжануда. Жергілікті орган, төтенше қызмет мамандары мен полиция қызметкерлері тұрғындарға қауіп туралы ескертіп, өздерінің эвакуациялануына уақыт берді. Кейбір тұрғындар туыстарының үйіне барса, кейбірі білім ұяларында орналасқан эвакоқабылдау пунктіне орналастырылды.

Жалпы, су тасқыны басталғалы өңірде 10 ауылға су кірген. Қазір мамандар Қызылжар ауданына қарасты Вишневка, Ольшанка, Большая Малышка және Соколовка елді мекендерінде түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Себебі, тасыған су аталған аймақтарға да жетуі мүмкін.

МҰРАТ ҚАНҒОЖИНОВ, СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

– Заречный кентінің тұрғындарының барлығы дерлік эвакуацияланды. Дегенмен, бірнеше техника сонда қалды. Саяжайлар бойынша тұрғындар тек су кіргенде ғана әрекет етіп жатыр. Себебі, олар біздің үйге су кірмейді деп ойлайды. Қазір ондағы тұрғындарға да барынша жайтты түсіндіріп жатырмыз.

Өңірде қара бұлтты сейілтіп, жағдайды оңалту үшін 3 мыңнан астам адам күші жұмылдырылған. Өзге аймақтан келген қызметкерлер тағы бар. Бүгінде теріскейде Түркістан, Қарағанды, Павлодар, Ұлытау обылсы мен Астана және Алматы қалаларынан күш тартылып, әрекет етіліп жатыр.

 

Ақжүніс Мұқатай