Қоғам

Шығыс Қазақстан облысынан 20 тонна гуманитарлық көмек жеткізілді

ГҮЛДЕН СЕМБАЕВА, тілші:

– Өңірімізге өзге облыстардан гуманитарлық көмек жөнелтіліп жатыр. Бүгін Шығыс Қазақстан облысынан тасқыннан зардап шеккен тұрғындарға арналып қажетті дүниелер жеткізілді. Қазір мына көліктен қаламыздың белсенділері тауарларды тасуда.

Азық-түлік, киім-кешек пен дәрі-дәрімек. Өскемендік жомарт жандар 1 аптаның ішінде 20 тоннадан астам қажет дүние жинаған. Шығыстағы жұртшылық тек тауар түрінде ғана емес, қаржылай да көмек берген. Алтайдың баурайынан арнайы келген азаматтар теріскеймен шектелмек емес. Олар алдағы уақытта Атырау облысындағы ағайынға қолдау танытпақ.

БЕРІК КӘДІРҰЛЫ, “Зекет және қайырымдылық” қорының Шығыс Қазақстан облысы бойынша өкілі:

– 1,5 млн теңге қаражат жиналды. Оны “Зекет және қайырымдылық” қоры өкіліне табыстаймыз. Су апаты тезірек оңалсын. Қазір су апатынан зардап шеккен өңірлерде жұмыс істеп жатырмыз. Барлық әлеуметтік желілерде жарияладық.

Еріктілер жүк көлігінен тауарларды тасып жатқанда бір “Газель” дүние Бескөл ауылына жіберілді. Осыған ұқсас табиғи апат өңірмізде 7 жыл бұрын болған. Жағдайды күрделі екенін бәрі біледі. Сондықтан, барлығы жұдырықша жұмыла еңбек етуде.

СӘЛІМХАН СӘБИТОВ, “Қоғамдық келісім” КММ бөлім жетекшісі:

– «Жүректен жүрекке» акциясы аясында бір адамдай ат салысып жатыр. Кеше Заречный кентіндегі бір мектепке барып, азық-түлік, балаларға ойыншық апардық. Бұдан бөлек, бөгетте қызмет атқарып жатқан жандарға жылы киімдер мен тамақтарын апарудамыз.

Солтүстiк Қазақстан облысының әкiмдiгi осынау қиын-қыстау кезеңде өңір халқына көмек пен қолдау көрсеткен барлық қамқор жандарға және ұйымдарға зор алғыс бiлдiредi. Айта кетейік, ертең Астана қаласынан шаһарымызға тауарға толы 8 ауыр жүк көлігі келеді.

 

Гүлден Сембаева