Білім

НЗМ-да Абай атындағы қазақ тілі мен әдебиеті кабинеті ашылды

Жергілікті Назарбаев Зияткерлік мектебінде Абай атындағы қазақ тілі мен әдебиеті кабинеті ашылды.

Таспасы қиылған кабинеттің іші жарық әрі кең. Толық жөндеуден өткен. Ұлттық нақышта безендіріліп, арнайы жиһаз бен оқу құралдары сатып алыныпты. Мұнда оқушыларға Абайдың шығармаларымен танысуға мүмкіндік беретін электрондық жинақ та бар. Яғни, бұл жерде күнделікті сабақтар өткізіп қана қоймай, ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығын зерттеуге жағдай жасалған.

ДАНИЯР УӘЛИЕВ, химия-биология бағытындағы НЗМ директоры:

– Бұл кабинеттің біздің мектепке беретін септігі мол деп ойлаймын. Алдағы уақытта Абай орталығын ашпақ ниеттеміз.

Алдағы уақытта Абай атындағы кабинетте шабыт иелерінің де басы қосылмақ. Мұнда ақындарды баулуға бағытталған сабақтар және жыр додаларын өткізу жоспарланып отыр.

ДИНАРА МҰҚАНОВА, химия-биология бағытындағы НЗМ қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі:

– Абайды дәріптеу – орны үлкен тәрбиелік жұмыс. Біз өз мектебімізде ұлы ақынды насихаттау мақсатында сабақтар өткіземіз. Келешекте осы сияқты жоспарларымыз өте көп.

Айта кетейік, бүгінде қаламыздағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде 600-ден астам бала білім алады.