Қоғам

Қиын-қыстау сәтте университет студенттері де көмек көрсетуге әзір

Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің жастары су тасқыны кезінде зардап шеккен жандарға психологиялық көмек көрсететін болады. Университет қабырғасында тек психологиялық мамандық бойынша оқитын білім алушылар арасынан еріктілер тобы құрылды. Ұйымдастырушылардың сөзінше, осындай қысылтаяң шақта әр тұрғын қолдан келгенше өз қолдауын аямауы тиіс.

ПАВЕЛ МОИСЕЕВ, М.Қозыбаев атындағы СҚУ психологиялық қызмет басшысы:

– Бұл іс-шараға төтенше жағдай қызметкерлері мен университет студенттерін шақырдық. Алдағы уақытта қиыншылық көрген адамдарға психологиялық көмек көрсететін боламыз. Біз көмек көрсетіп қана қоймай, ұл-қыздарымызға үлкен тәжірибе жинақтауға көмектесеміз.

Шара барысында ТЖД психологиялық қызметінің бас маманы А. Юдаеваның қатысумен “Төтенше жағдайлар кезіндегі психологиялық көмек” атты кіріспе сабағы өтті. Бұл түсіндірме жұмыстарын өткізу өте маңызды. Себебі, қиындыққа тап болған тұрғындардың салы суға кетпес үшін дұрыс психологиялық қолдау көрсетілуі тиіс.

АҚДИДАР ӨМІРЗАҚ, студент:

– Бүгінгі өтіп жатқан іс-шара су тасқыны кезінде зардап шеккен жандарға психологиялық көмек көрсету мақсатында ұйымдастырылып отыр. Мен үшін осы жиынға қатысу – үлкен мүмкіндік. Көңілі күйі құлазыған адамдарға қолдау білдіру – біздің міндет.

Жиынға барлығы – 40-қа жуық ұл-қыз қатысты. Барлығының мақсаты – жақсы психологиялық білім алу.