Қоғам

Жамбыл ауданынан гуманитарлық көмек жеткізілді

Халықтың қиындығын жеңілдету мақсатында жасалатын гуманитарлық көмек шарасы өңірде қарқынды жүзеге асып жатыр. Әсіресе, ерікті ұйымдардың еңбегі орасан. Бүгін олардың күшін толықтырып, жәрдем ету үшін Жамбыл ауданының белсенділері де келіп қосылды.

Жамбылдықтардың жіберген жүгі 2 жарым тоннаны құрайды. Ішінде азық-түлік бар. 250 келісі – ет. Одан бөлек киім-кешек пен тұрмыстық заттар да әкелінген. Жалпы, аудан еріктілері жылу жинауды 3 күн бұрын бастапты.

АЙНҰР ІЛИЯС, Жамбыл ауданы жастар ресурстық орталығы директорының міндетін атқарушы:

– Аудан тұрғындарына риза болдым. Себебі, халық түнде де хабарласып, заттарды қай жерге апарсақ болады деп сұрап жатты. Аудан орталығындағы дүкен иелері көп киім-кешек берді. Бүгін ең қажетті деген заттарды алып келдік. Керек-жарақты алдағы уақытта тағы да жеткіземіз.

Шаһарға еріктілер ғана емес, ауданның 90-ға жуық азаматы келген. Олар қазір қаланың шетінде эвакуацияланып жатқан тұрғындарға көшуге көмектесіп жатыр. Игі іске ниетті жандар қалада тағы бірнеше күнге кідірмек.

АЙНҰР ІЛИЯС, Жамбыл ауданы жастар ресурстық орталығы директорының міндетін атқарушы:

– Бізден бөлек қалаға округтің әкімі және мейірбан тұрғындар келді. Олар өздері жиналып, келіп көмектесеміз деп шешті. Жұмыла көтерген жүк жеңіл. Халқымыздың басына күн туғанда еш уайым-қайғысыз қарап отыра алмадық. Біз заттарды түгелдей қалалық жастар ресурстық орталығына табыстаймыз. Олар көмекке мұқтаж жандарға өздері үлестіріп беретін болады.

Комуналдық базарға жиналған заттар лек-легімен судан зардап шеккен аудандарға жөнелтілетін болады.

 

Мәдина Қаби