Қоғам

Петропавлға Астанадан гуманитарлық жүк жетті

Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратын халқымыз су тасқынының зардабын бірлесе жеңбек. Бүгін таңертең бас қаламыз Астанадан гуманитарлық көмек жиналып, шаһарға әкелінді. 14 жүк тиелген көліктің ішінде гигиеналық заттардан бастап, төсек-орын, азық-түлік, жылы киімдер мен тұрмыстық заттар бар. Астаналық жомарт жандар теріскей халқына қол ұшын созу үшін 1 апта бойы қаражат жинаған екен.

ӘДІЛ КӘЛІКОВ, ерікті, Астана қаласы:

– “Жақсылық жаса”, “Ерекше әлем” қоғамдық қоры мен “Қанат” еріктілер қозғалысы ұйымдарымен бірлесіп көмек көрсетуді шештік. Бізге жүкті теріскей өңіріне жеткізуге Петропавл-Астана қаласының арасында жүретін такси қызметкерлері көмектесті. Оларға көп рахмет. Сондай-ақ, қаражат жинауға көмектескен Астана қаласы мен басқа да ел тұрғындарына алғыс айтамын. Біз осындай істеріміз арқылы бірлігіміздің мықты екенін көрсете аламыз деп ойлаймын.

Ендігі міндет – буып-түйілген, орасан күшпен сонау Астанадан әкелінген заттарды ұқыпты түрде бір орынға жинау. Заттар коммуналдық базардың 2-ші қабатындағы акт залына орналыстырылуда. Бұл іске қалалық жастар ресурстық орталығының белсенділері қолғабыс етті.

ДАМИР ӘБДИН, қалалық жастар ресурстық орталығының жетекшісі:

– Біз күнде тұрғындарды эвакуациялауға шығамыз. Әрине, әр адам әр түрлі ғой. Бірі қуанышын білдіріп жаса, енді бірі керісінше қылық танытады. Өзіміз де гуманитарлық көмек көрсетеміз. Азық-түлік пен киім-кешек жеткіземіз. Бүгін сондай жүкті Есіл ауданының Явленка ауылына жібереміз. Онда біздің еріктілеріміз бар. Олар сондағы зардап шеккен не болмаса қауіпті аймақта тұрған тұрғындарға көмектеседі.

Жалпы, Астанадан көмек қолын созамыз деп келген жандардың саны 20-ға жуықтайды. Әкелінген заттардың бір бөлігі бүгін Есіл ауданына жөнелтілсе, енді бірі ертең Ғ.Мүсірепов ауданының тұрғындарына жеткізіледі деп жоспарлануда. Осы ретте облыстық әкімдік қысылтаяң шақта теріскей жұртына қолдау мен көмек көрсеткен жандарға ризашылығын білдіреді.

 

Ақжүніс Мұқатай