Қоғам

Су тасқыны кезіндегі әлеуметтік көмек

Су тасқынынан зардап шеккен жандарға жергілікті әкімдіктер тарапынан да ақшалай көмек көрсетіледі. Біржолғы төлем бастапқы кезеңде пәтер жалдау, азық-түлік пен киім кешек алу сынды мақсатта беріледі. Оның көлемі әртүрлі. Аудандар өз ішінде есептеу жүргізіп, қолдау мөлшерін жариялапты.

РИНАТ ЕЛЖАСОВ, СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы:

– Ақжар, Аққайың, Мамлют аудандарында төлем 100 АЕК-ке дейінгі соманы құрайды. Айыртау, Есіл, Жамбыл, М. Жұмабаев, Қызылжар, Ғ. Мүсірепов, Тайынша, Шал ақын және Тимирязевта 100 АЕК мөлшерінде ақша аударылады. Ал Уәлиханов ауданы мен Петропавл қаласында қолдау 200 АЕК құрап отыр.

Әлеуметтік көмек алу үшін азаматтар тұрғылықты жері бойынша ауылдық округ әкіміне, ал аудан орталықтарының тұрғындары Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне жүгіну керек. Сонымен қатар, «Электрондық үкімет» веб-порталы арқылы да өтініш бере алады.

РИНАТ ЕЛЖАСОВ, СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы:

– Өтінішпен қоса әр адам жеке басын куәландыратын құжат ұсынуы тиіс. Сонымен қатар, табиғи зілзала салдарынан азаматқа немесе оның мүлкіне келтірілген залал фактісін растайтын ресми қағаз қажет. Тұрғын үйге меншік құқығын растайтын құжат пен әлеуметтік көмекті аудару үшін деректемелер талап етіледі. Міне, осылар болса, әр тұрғын тиісті ақшаны алады.

Әлеуметтік көмек көрсету мерзімі 8 жұмыс күнін құрайды. Қазіргі уақытта зардап шеккен барлық отбасылар төлем алу үшін құжаттарын дайындап, тиісті органдарға жүгіне алады.

 

Байболат Құлтанов