ТЖ

Сарбаздар мен зауыт қызметкерлері бөгет тұрғызуға белсенді қатысуда

Су тасқынының алдын алу шарасына мемлекеттік қызметкерлер де, әскерилер де, қарапайым тұрғындар да қатысуда. Мақсат айқын – өңірімізді айтып келмейтін апаттан қорғап қалу. Өңірімзге ең бірінші көмекке келгендердің бірі – Астанада Отан алдындағы борышын өтеп жатқан сарбаздар. Олар күн-түн демей ауқымды жұмыс атқаруда.

САЯБЕК ҚАЗЕЗ, ҚР ҚМ 68665 әскери бөлімінің командирі, Астана қаласы:

– Біздің әскери бөлімнен 300-ге жуық сарбаз бен офицер көмекке келді. 3 күн бойы қала халқымен бірге үлкен жұмыс атқарудамыз.

Киров атындағы зауыт қызметкерлері да көмек көрсетуде қалыс қалмады. Күннің суығына қарамастан 100-ден астам маман Ущев көшесі бойында бөгет тұрғызуда. Кәсіпорын басшысының сөзінше, өндіріс орны қажеттілік туындаса, тағы осынша адамды ортақ іске тарта алады.

ДИДАР ТАСЫБЕК, “С.М.Киров атындағы зауыт” АҚ бас директорының бірінші орынбасары:

– Есіл өзені жағалауындағы бөгеттерді тұрғызудамыз. Зауыт тарапынан біршама техника жұмылдырылды. Қанша күн болсын халықты қызыл су апатынан аман алып қалу үшін барлық көмекті көрсетуге әзірміз.

Зауыт басшылығы жайлылық жайын назардан тыс қалдырмаған. Бөгет маңына ішінде бар жағдай жасалған арнайы көлік әкеліпті. Осы жерге өздерінің дәрігерлерін де алдырған.

АЛЕКСАНДР КРИВОЛАПОВ, “С.М.Киров атындағы зауыт” АҚ қызметкері:

– Біз бәріміз бір қалада тұрғаннан соң бір-бірімізге қолдау көрсетуіміз керекпіз. Қиын-қыстау сәтте біздің кәсіпорын көмекке әрқашан дайын.

Белсенді тұрғындар да бірлесе жұмыс істеуде. Ойқала ықшам ауданында тұратын азаматтар қаптарға құм салып, бөгет тұрғызылып жатқан жерлерге жіберуде.

ЕКАТЕРИНА КУЗНЕЦОВА, қала тұрғыны:

– Су, тамақ – бәрі өз есебімізден. Күні кеше біз жас сарбаздарды тамақтандырдық. Біз ұйымшылмыз. Барлығымыз біріксек қана осы апаттан аман қаламыз.

Еңбекқорлық, ұйымшылдық пен ыждахаттылық. Бұндағы әрбір жанның жүзінен осы қасиеттерді байқауға болады. Тұрғындар қаламызды су баспау үшін бар күштерін салып көмектесетінін айтты.