Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі тұрғындарға үндеу жолдады

Солтүстікте су тасқынына қатысты жағдай әлі де күрделі. Төтенше жағдайға байланысты облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов теріскейлік жұртқа үндеу жолдады. Өңір басшысы барша ел тұрғындары қиын шақты басынан өткеріп жатқанын айта кетіп, сабырлыққа шақырды.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Құрметті жерлестер! Өңірде су тасқыны жағдайы күрделі. Облыс орталығына үлкен су келе жатыр. Қиын сәтте ел басшылығы бізге қолдау білдіруде. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы бойынша облыста жұмыс сапарымен екі рет Премьер-Министр Олжас Абайұлы Бектенов болды. Қазір облыста Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Васильевич Скляр тасқынға қарсы жұмыстарға басшылық етуде. Тұрғындардың өмірін сақтау – біздің басты міндет.

Сергеев су қоймасынан өткен тасқын су Петропавлға қарай келе жатыр. Жолдағы бірнеше ауылға су кіріп, тұрғындар эвакуацияланды. Қазіргі таңда шаһар жанындағы су басу қаупі бар аудандардан халық қауіпсіз аймаққа шығарылып жатыр.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Сергеев су қоймасында биыл рекордтық көрсеткіш тіркелді. Бұл 2017 жылы болған қатты су тасқынынан әлдеқайда жоғары. Есіл өзенінің жағасындағы елді мекендерге қауіп төніп тұр. Шамамен бір-екі күнде су облыс орталығына жетеді. Прибрежное мен Тепличное ауылдары, Заречный кентіндегі үйлер су астында қалуы мүмкін. Біз бөгеттерді салу және нығайту жұмыстарын тәулік бойы атқарып жатырмыз. Ауыз сумен үздіксіз қамтамасыз ету үшін сорғы станциясының айналасындағы бөгетті де нығайттық.

Су басу аймағында тұрған Заречный кенті де жіті назарда. Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдің тапсырмасымен қазір аталмыш елді мекен тұрғындарын эвакуациялау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Десе де, бастарын қауіп қатерге тігіп, көшпей отырған тұрғындар баршылық. Өңір басшысы теріскейлік жұртқа құтқарушылардың жұмысына түсіністікпен қарауды сұрады.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Ел азаматтарының қауіпсіздігі – бірінші орында. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқыны кезеңінде тұрғындардың өмірі мен денсаулығын сақтау маңызды екенін атап өтті. Мемлекет тарапынан керекті көмек пен қолдау көрсетіледі. Өтемақы қарастырылған. Ешкім назарсыз қалмайды. Биылғы су тасқыны – бәріміз үшін сынақ. Бұл қиындықты бірлесіп қана жеңеміз. Қазір тасқын сумен күреске 3 мыңнан астам адам жұмылдырылған. Көмекке басқа облыстардың құтқарушылары, Ұлттық ұлан мен Қорғаныс министрлігінен адамдар келді. Осы жағдайға бейжай қарамаған әрбір жанға алғысымды білдіремін.

 

Ақжүніс Мұқатай