ТЖ

Мәжіліс депутаттары халықпен тілдесті

Өңірге Мәжіліс депутаттары келді. Халық қалаулылары тасқын су келген аудандарда облып, халықпен тілдесті. Есіл ауданындағы Покровка ауылында 20-дан астам баспана су астында қалған. Тұрғындар қауіпсіз жерге көшірілді.
Елді мекен ішіндегі судың деңгейі 1,5 жарым метрден асады. Жергілікті эвакуациялық қосын Ж.Қизатов атындағы жоғары ауыл шаруашылығы колледжінде орналасқан. Бірақ, эвакуацияланған тұрғындардың барлығы туыстарына барыпты. Мәжіліс депутаттары Еркебұлан Мәмбетов, Дмитрий Колода мен Бақытжан Базарбек су басқан үйлердің иелеріне шығынды өтеу тәртібін түсіндірді.

ДМИТРИЙ КОЛОДА, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Өтемақы Үкіметтің 2017 жылғы 19 желтоқсандағы қаулысына сәйкес беріледі. Төтенше жағдай басталғаннан бастап 30 күн ішінде жергілікті мемлекеттік органдарға өтемақы туралы өтініш беру қажет, 10 жұмыс күні ішінде залалдың мөлшері айқындалады. Өтемақы төлеуге арналған қаражат жергілікті атқарушы органдардың резервтерінде бар. Егер қосымша қаржыландыру қажет болса, ол мемлекеттік резервтен беріледі. Мемлекет көмек көрсетеді, ешкім назардан тыс қалмайды.

Николаевка ауылында 20-дан астам үй су астында қалды. Тұрғындар жергілікті эвакуациялық пунктке орналастырылды. Мәжілісмендер сол жерде қалпына келтіру жұмыстарымен танысты. Қазір жергілікті атқарушы органдардың, тауар өндірушілер мен «AMANAT» партиясы еріктілерінің күшімен бөгет тұрғызылып жатыр. Партияның аудандық филиалы жанынан ауылдағы эвакуациялық пунктте гуманитарлық көмек қабылдау орны ашылды. Кейін депутаттар Қызылжар және Шал ақын аудандарына барып, Новоникольское, Қаратал ауылдарындағы және Сергеевка қаласындағы су торабындағы жағдаймен танысты.