ТЖ

Есіл ауданында 60-қа тарта үйді су басты

Есіл ауданының Покровка ауылында 24 үйді су басты. Қара шаңырағына су кірген халық эвакуациялық пункттерге көшірілді. Үрейі қашқан жұрт мұндай апат бұрын-соңды болмағанын айтады. Жағдайды Премьер-Министрдің бірінші орынбасары да бақылауда. Роман Скляр ешбір тұрғын назардан тыс қалмайтынын жеткізді.

РОМАН СКЛЯР, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары:

– Егер үй қалпына келмесе, жөндеуге жатпаса, онда біз жаңа үйлер саламыз. Барлығына да көмек қолын созамыз, ешкім назардан тыс қалмайды. Әр отбасыға көмек көрсетіледі. Табиғи құбылыстың алдын алу мүмкін емес, оған қарсы тұру да мүмкін емес. Ең бастысы, мемлекет өз азаматтарына бейжай қарамайды. Әрбір адамды қажет көмекпен қамтамасыз етеміз.

Жағдай ауданның Петровка ауылында да мәз емес. Бүгінгі күні елді мекенде 9 үйді су басқан. Абырой болғанда, құтқарушылар мал-мүлікті дер кезінде шығарып үлгеріпті. Елді мекендегі жағдаймен танысқан соң Роман Скляр мен облыс әкімі ауылдың эвакуациялық пунктіне бет алып, тұрғындарды сабыр сақтауға шақырды.

РОМАН СКЛЯР, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары:

– Өкінішке орай, үлкен су келді. Бірақ, біздің Президентіміз сіздер өте жақсы білесіздер, әр отбасыға, әр азаматқа біз көмектесеміз.

Бірлік ауылының тұрғыны Бейнегүл Жұмалханқызы қазір бала-шағасымен Петровка ауылының эвакопунктіне орналасқан. Ауыл жаққа су әлі жеткен жоқ, десе де, сақтықта қорлық жоқ.

БЕЙНЕГҮЛ ЖҰМАЛХАНҚЫЗЫ, Бірлік ауылының тұрғыны, Есіл ауданы«Су алаңдатып жатыр бізді. Күйеулеріміз малмен ана жақта қалды, мал-жанымыз қорада. Ауылды баспаған соң, біз осы жерде тұрмыз. Бізді екі күн бұрын түнде әкеліп алған. Жағдайымыз жақсы. Жақсы қарап жатыр. Жатын орнымыз, тамақ бар. Бала-шағамызға қарап, оқушыларымыз оқып жатыр, мектепке беріп қойдық. Балалар балабақшада оқып жатыр, біз осында отырмыз.

Есіл ауданының Николаевка ауылында судың келуін күтпей, 6-шы сәуір күні тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіру жүргізіліпті. Қазіргі күні өзен суы 20-дан астам үйге кіріп үлгерген.

ЛЮБОВЬ ЩЕРБИНИНА, Николаевка ауылының тұрғыны, Есіл ауданы:

– Біздің үй екінші болып суға кетті. Ұлым бізді көшіріп алды, қазір оның үйінде тұрып жатырмыз. Әрине, барлық заттарды тасымалдаған жоқпыз, ең қажет заттарды алдық та кеттік. Үйдің жартысына дейін су кірді, монша – бәрі суға кетті. Ал малды алдын ала шығарып үлгердік.

Зинаида Родионованың эвакуациялық пунктке орналасқанына 3 күн болды. Үйін су басқан зейнеткер қазір үрей үстінде екенін айтады.

ЗИНАИДА РОДИОНОВА, Николаевка ауылының тұрғыны, Есіл ауданы:

– Өмір бойы осында тұрып келеміз. Бізге үнемі су келеді, 3 күн тұрады да Біз бұған үйреніп қалдық. Бірақ, ол қалыпты мөлшерде келетін еді. Біз оған тіпті қуанышты болатынбыз. Көктем келгенін сезетінбіз. Ал биылғы су барлығымызды шошытты. Дәл осындай жағдай болады деп болжамадық та.

Құтқарушылар су басу қаупі бар аймақтардан тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіріп жатыр. Зардап шекккен халықтың үйлерін полиция қызметкерлері күзетуде. Облыс әкімі әрбір тұрғынның шығыны есептеліп, өтелетінін айтты.

Ғауез Нұрмұхамбетов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Біз құқық қорғау органдарына тапсырма бердік. Шаруаның барлығын аудан әкімімен бірге тындыратын болады. Ұрлық орын алмау үшін әрбір үйді күзетіп, тексереді. Бүгінгі күні біз сіздердің үйлеріңізде, аулаларыңыздағы бар мүлікті сақтауымыз керек. Су азайған соң комиссия әрбір үй бойынша жұмысқа кіріседі.

Есіл ауданында барлығы – 26 мыңнан астам тұрғын бар. Қауіпті аймақтардан азаматтарды эвакуациялау бойынша шаралар әрі қарай да жалғасады. Айта кетсек жөн, қазіргі таңда Петропавл қаласы мен Тайынша, Қызылжар және Есіл аудандарында төтенше жағдай режимі жарияланды.