Қоғам

Астанадан гуманитарлық көмек жетті

Қиын-қыстау күні Қазақстан халқы бірліктің нағыз үлгісін көрсетуде. Жуық арада топан су күтілетін аққайыңдар өлкесіне мамандар мен сарбаздардан бөлек, гуманитарлық көмектің алғашқы партиясы да жетті. Теріскейге астаналық жомарт жандар жылу жинапты. Жүк көлігіне тиелген азық-түлік, киім-кешек, тұрмыстық заттар мен өзге де дүние сәтті саналатын сәрсенбінің кешінде Петропавлға жетті. Қажеттілік Достық үйіне түсірілді. Олар әзірге ешкімге таратылмайды. Жергілікті жауаптылар алдағы уақытта мән-жайды бағамдап барып, ұсынылғанның барлығын үлестірмек. Бұл игі шараға кез келген жан қатыса алады. Ескерер жайт, тек жаңа заттарды әкелу керек.

ЕЛЕНА СЕМИДОЦКИХ, СҚО ҚХА төрағасының орынбасары:

– Қазір халыққа ең қажетті деген заттар жеткізілді. Бұлардың барлығын тасқыннан зардап шеккен жандарға береміз. Бізге оны астаналық волонтерлер жіберді. Жүк көлігін жіберіп, алдырттық. Қабылдаған дүниені қоймада сақтаймыз, көмек сұрағандарға бірден содан алып беріп отырамыз. Эвакуациялық пункттерге жібереміз. Ассамблеядан басқа да ұйымдар, қамқор жандар көмек қолдарын созғылары келеді. “Lider” волонтерлері ғана емес, өзге еріктілер де көмектесуде.

 

Мәдина Қаби