ТЖ

СҚО-да су басқан үй саны 40-қа таяды

Өңірдің Тайынша, Ақжар және Уәлиханов сынды аудандарында жағдай тұрақталып келеді. Бұл төңіректе су біртіндеп тартылуда. Енді бәрімізді алаңдатып отырған аумақ – Есіл өзенінің бойы. Яғни, Шал ақын, Есіл, Қызылжар аудандары мен Петропавлдың маңы жіті бақылауда. Өкінішке қарай, кейбір жерге тасқын жетіп те үлгерді.

МҰРАТ ҚАНҒОЖИНОВ, СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

– Бүгінгі күнге дейін тасқын болуы мүмкін елді мекендерден 1500-ден астам үй жануары қауіпсіз жерге көшірілді. Оның 100-ге жуығы иелеріне қайтарылды. Есептеулерге сүйенсек, Сергеев қоймасының ернеуінен асқан су сәуірдің 12-13 күндері Петропавлға жетеді. Қазір дайындық жүргізіліп жатыр. Соңғы деректер бойынша айтсақ, аймақта су басқан үй саны 40-қа таяды.

Өңірдегі ахуал мәз емес. Елді мекендерге ерке Есіл мен оған құятын кішкентай өзендерден бөлек, еріген қар суынан да қауіп төнуі мүмкін. Брифингте аймақтың әлі 30 пайызында ақ ұлпа жатқаны айтылды. Журналистермен жүздесуге облыс прокурорының бірінші орынбасары Әбу-Әли Саттар арнайы шақырылыпты. Шенді өтемақы турасында әңгіме қозғады.

ӘБУ-ӘЛИ САТТАР, СҚО прокурорының бірінші орынбасары:

– Зардап шеккен әрбір азамат әкімдіктерге арыз бере алады. Қазір тізім құрылып жатыр. Әр ауданда прокурорлар бар. Сұрақтар туындаса, өтініш білдіріп немесе жеке қабылдауға жазылып, мәселені көтере аласыздар.

Баяндамасында Әбу-Әли Саттар тұрғындарды тасқын кезінде жалған ақпарат таратпауға шақырды. Ол үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Қарғын суға байланысты Петропавлда жазасын өтеп жатқандарды өзге мекемелерге көшіреді деген ақпар бар. Облыс прокурорының бірінші орынбасары бұл мәселе қаралып жатқанын айтты.

 

Байболат Құлтанов