ТЖ

Өңірге көмекке елордадан сарбаздар келді

Өңірдегі топан суға қатысты жағдай әлі де мәз емес. Бұрын-соңды болмаған көрсеткіштер күн сайын емес, сағат санап өзгеріп жатыр. Сондықтан, облысқа жан-жақтан көмек күші тартылуда.

Кеше түнде осындай ұзыннан созылған көліктермен бас қаладан қарулы күштердің 68665 әскери бөлімінің 312 сарбазы келді. Жігіттер Бескөл ауылына келіп тұрақтады. Көліктерінен түсе салып сап түзеген сарбаздарға басшылары мақсат-міндеттерді нақтылады. Әскерилер теріскейлік жұртқа қол ұшын созып, жағдайды оңалтуға сақадай сай.

РУСТАМ БЯТОВ, ҚР ҚМ 68665 әскери бөлімі командирі орынбасарының міндетін атқарушы:

– Елімізге төнген тілсіз жауға қарсы төтеп беруге 68665 әскери бөлімі, яғни Қарулы күштердің атынан 312 адам жәрдемдесуге дайын. 13 техника келді бірге. Нақты Сергеевкада жұмыс жасаймыз. Сол жақта қолымыздан келген жәрдемді көрсетуге дайынбыз.

Сарбаздардың тынығатын жатын орындары “Парасат” мектеп-лицейінің спорт залында орналасқан. Олар бүгіннен бастап облысымыздағы қызыл сумен күресетін болады. Нақтырақ айтқанда, ернеуінен асып жатқан су қоймасы орналасқан Сергеевкада жұмыс істейді. Олардың Қызылжар өңіріндегі болу ұзақтығы жағдайға байланысты.

АЛМА НҰРҒАЛИЕВА, Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары:

– Көмекке келген әскерилерге арналған орын мен азық-түлік қоры дайын. Онымен қоса республиканың әрбір жерінен төтенше жағдайлар қызметінің мамандары да келіп жатыр. Бірнеше күн бұрын ғана Павлодар мен Қарағанды облысынан 130-ға жуық адам келді. Өздерімен бірге 22 техника және 8 су көлігін ала келді. Олар Бескөл, Тепличное мен Прибрежное елді мекендерінде жұмыс істеп жатыр.

Қазіргі таңда өңірде су тасқынына қарсы іс-шараларға әкімдіктен, Ұлттық ұлан бөлімдері мен жеке ұйымдардан мың жарымға жуық адам мен мыңнан астам ерікті жұмылдырылған.

 

Ақжүніс Мұқатай