Қоғам

Депутаттар әскери қызметшілер мен еріктілерге ыстық шай таратты

Бүгінде өңірімізде белсенді еріктілер мен әскерилер су тасқынының алдын алу іс-шараларында бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып жұмыс істеуде. Қазіргі таңда олар облыс орталығының шеткері аудандарында тер төгіп жүр. Яғни, тасқынға тосқауыл қойып, бөгеттерді барынша биіктетуде. Осы орайда облыстық мәслихат депутаттары Тепличное ауылындағы бөгетті биіктетіп әрі нығайтып жатқан әскери қызметшілер мен еріктілерге ыстық шәй мен дәмді бәліштер таратты. Бұл бастама аянбай еңбек етіп, тер төгіп жатқан жандарды қолдау мақсатында қолға алынған. Қазіргі таңда бөгетте 150 адам жұмыс істеп жатыр. «AMANAT» партиясынан сайланған депутаттар бүгінгі күн қаһармандарына алғыс білдіріп, ризашылықтарын жеткізді. Халық қалаулылары осы қиыншылықта суық күндері қол ұшын созған жандарға жылу сыйлауды жалғастыра бермек.