Қоғам

Ассамблеялықтардың қолдауы

Жүзі басқа-жүрегі бір, тілі басқа-тілегі бір. Қысылтаяң кезде ассамблеялықтар сырттан қарап қалып жатқан жоқ. Ұйым өкілдері бірлесіп су тасқынынан зардап шеккен жандарға арнап гуманитарлық көмек әзірледі.

ШЫҢҒЫС ҚҰРБАНОВ, «СҚО әзірбайжан мәдени орталығы» ҚБ төрағасы:

– Біз 100 матрас, 300 қап ұн сатып алдық. Оларды қазір топан судан зардап шеккен жандарға таратамыз. Үйлерін кенеттен су басып, төсек-орынсыз қалғандары баршылық. Тұрғындарға тағы көмек қажет болып, көмектесуге дайынбыз.

Ұн мен матрас жүк көлігімен Достық үйіне әкеліп түсірілді. Жүк қабылданды, енді көмек қажет азаматтар анықталады. Осы ретте ассамблея өкілдері еріктілермен байланыста. «Біз Қазақстанда тұрып қиын сәтте қалайша жайбарақат отыра аламыз?»,- дейді түрік мәдени орталығының мүшесі Экрем Башарам.

ЭКРЕМ БАШАРАМ, «СҚО түрік мәдени орталығы» ҚБ жетекшісінің орынбасары:

– Қасиетті айда халыққа көмектесуіміз қажет. Осы жерде жұмыс істеп жатқаныма 20 жылдай болып қалды. Мұндай су тасқынын бірінші рет көріп тұрмын. Бұл – ең қиын жағдайдың соңғысы болсын деп тілеймін.

Ассамблея өкілдері бұл іспен шектелмейді. Тасқын су сейілгенше “Қолдау мен қамқорлығымызды аямаймыз”,- дейді.

 

Мәдина Қаби