ТЖ

Тепличное ауылында су тасқынының алдын алу жұмыстары жүргізіліп жатыр

Өңіріміздің барлық белсенділері жиылып су тасқынының алдын алу шараларына бел шеше кірісті. Олар полицейлер, құтқарушылар және университет студенттерімен бірігіп, Қызылжар ауданына қарасты Тепличное ауылына барды. Бұл елді мекенді су басу қаупі жоғары. “Жұмыла көтерген жүк жеңіл” дегенді ұстанған еріктілер жан салып өз жұмыстарын атқаруда.

ӘЛФАРАБИ МЫҢБАЙ, “Ауыл жастары” жастар қозғалысының жетекшісі:

– Қызылжар ауданы Тепличное ауылына 100-ге жуық ерікті келіп өз көмектерін көрсетуде. Біздің басты мақсатымыз – алдағы уақыттағы су басудың алдын алу үшін азғантай болсын өз көмегімізді көрсету. Бүгінде таңда ер балалар қапқа топырақ салып, қыздарымыз әр үйге ескерту қағаздарын таратуда.

Белсенділер рейд барысында әр үйді аралап, тұрғындарға жадынама таратып, үйді су басқан жағдайда немесе қауіп төнген кездегі іс-қимыл тәртібін түсіндірді. Жұмысқа 10-нан астам техника жұмылдырылды. Бәрінің көздегені – елді мекенді қарқынды судан аман алып қалу. Бұл үлкен, жауапты істі атқару оңай емес. Еріктілер жұмыстан шаршаса да жандарын салып көмектесуде. Демеушілер тарапынан шатырлар тігіліп, барлық тартылған адамдарға ыстық тамақ беріліп жатыр.

БЕЙІСХАН ҚАБДОЛЛА, айтыскер ақын:

– Біздің көзіміз жеткен ең бірінші дүние – егер белгілі бір жағдайда табиғат ашуланатын болса, адамзаттың қолынан ештеңе де келмейді. Басқа өңірлерде болған қызыл су апаты бізге де келуі мүмкін. Біз сол үшін барлығымыз ұйымдасып, көмектесудеміз.

Жыл басынан бері өңірден 2 млн текше метрге жуық қар шығарылды. Үйлердің аулаларынан 170 мың текше метрден астам су сорылды. Бұл – соңғы 7 жылда тіркелген рекордтық көрсеткіш.