Қоғам

Тайыншалық кәсіпкерлер тұрғындарға көмек қолын созуда

Су тасқынынан зардап шеккен аудандардың бірі – Тайынша. Мұнда төтенше жағдай жарияланып, облыстық және түркістандық құтқарушылар тартылып, тынымсыз еңбек етуде. Дегенмен, қауіптің беті әлі де қайтар емес. Осы орайда жергілікті жомарт жандар мәрттік танытты. Аудан кәсіпкерлері күрделі жағдайда техника бөліп, жұмысшыларын бағыттап, ортақ іске араласуда. Ал кейбір бизнес өкілдері басқаша қол ұшын созуды шешкен. Олар тұрғындарға азық-түлік пен керек-жарақ заттарды жеткізуде.

СҚО Кәсіпкерлер палатасы:

– Красная поляна ауылдық округінде «Зеленые луга» серіктестігі су тасқынымен күресіп, тұрғындарға жәрдем етуде. Ал Амандық елді мекенінің маңындағы жол учаскесін ашу кезінде «Тайынша майы», «Бесқарағай», «Ильичевка астық», «АрхМонтаж» серіктестіктері арнайы техникалары мен жұмыс күшін жұмылдырды. Енді бірі кей ауылдарда бөгетті нығайтуға, қаптарды инертті материалмен толтыруға жәрдемдесуде. «ASTYK-STEM» ЖШС Константиновка-Краснокиевка учаскесінде жол бөлігін қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуде. Сондай-ақ, Тайынша ауданындағы 20-дан астам кәсіпорын халықты азық-түлікпен қамтамасыз етіп жатыр.

 

Ақжүніс Мұқатай