Спорт

Солтүстікқазақстандық каратешілер Жапониядан 1 алтын және 2 күміспен оралды

Теріскейлік каратешілер халықаралық жарыста өңір намысын абыроймен қорғады. Наурыздың 30-ы күні Жапонияның Эхиме қаласында «Халықаралық достық турнирі» өтті. Оған 15 мемлекеттің татами шеберлері қатысты. Дүбірлі додаға Солтүстік Қазақстан облысынан барған 5 жаттықтырушы 1 алтын және 2 күміс медаль еншіледі.

ВЛАДИМИР ВИТЧЕНКО, «Бүкілқазақстандық кекушинкай карате ұйымы» РҚБ облыстық филиалының директоры:

– Біз Жапонияда белбеулерімізді қорғап, арнайы тестқа да қатыстық. Одан бөлек, 3 күн бойы семинар болды және 1 күндік турнир өтті. Маған жарыста 2 жүлде бұйырды. «Ката» дисциплинасы бойынша алдыма жан салмадым. Ал күміс медаль өзара жұдырықтасулардың нәтижесі бойынша берілді. Үздік 50 спортшының арасынан көріну – үлкен жетістік.

Владимир Витченконың жары да каратемен айналысады. Виктория байрақты бәсекеде «Ката» дисциплинасы бойынша екінші орын еншіледі.

ВИКТОРИЯ ВИТЧЕНКО, «Бүкілқазақстандық кекушинкай карате ұйымы» РҚБ облыстық филиалының жаттықтырушысы:

– Жапония – каратенің Отаны. Біз сол жерде еліміздің намысын қорғап келгенімізге қуаныштымыз. Сайыс та, семинар да, біліктілік бойынша тест та оңайға соқпады. Себебі, нағыз мықтылар бой көрсетті. Халықаралық жарыста үйренгенімізді енді оқушыларымыздың бойына сіңіретін боламыз.

Жаңа белбеудің иегері атану үшін спортшылар біршама уақыт дайындалған. Рүстем Байжанов аянбай тер төгіпті. Нәтижесінде үздіктер қатарынан көрінді.

РҮСТЕМ БАЙЖАНОВ, «Бүкілқазақстандық кекушинкай карате ұйымы» РҚБ облыстық филиалы директорының орынбасары:

– Ол жерде дан тест өтті. Мен үшінші 3 дан, қара белдеудің иегері атандым. 5 сағат бойы емтихан тапсырдық.

Жаттықтырушылар тер төгуді әрмен қарай жалғастырады. Тамыз айында Астана қаласында Азия чемпионаты өтпек. 20 елдің мықтылары бақ сынайтын жарысқа жерлестеріміз де қатыспақ.

 

Мәдина Қаби