ТЖ

Николаевка ауылында 64 адам эвакоқабылдау пунктке көшірілді

Бұл – Есіл ауданындағы Николаевка ауылы. Қазіргі таңда елді мекеннің жағдайы мәз емес. Есіл өзені арнасынан асып, оған қоса қарғын судың салдары адамдарды дүрбелеңге салды. Дегенмен, тұрғындардың ауызбіршілігінің арқасында бөгеттер орнатылып жатыр. Судың деңгейі тізеге дейін жетеді.

Бағдат Бекенов, Николаевка ауылының тұрғыны, Есіл ауданы:

– Инерттік материалдарды төсеп жатырмыз. Ауылымыз 2-ге бөлінеді: жоғары және төмен деп. Мен жоғары жақта тұрамын. Бізде ондай қауіп жоқ. 3 күн болды осылай тұрғындарға көмектесіп жүргенімізге.

Елді мекенде барлығы – 6 көше бар. Шеткі жақта орналасқан 24 үйді қарғын су алып, тұрғындар мектептегі эвакоқабылдау пунктеріне жайғастырылды. Мұнда табиғи апаттан зардап шеккен жандарға уақытылы тамақ беріледі. Яғни, бар жағдай жасалған. Ал кейбіреулері туған-туысқандарының үйлеріне баруды жөн көрген. Николаевка ауылының тұрғыны Виктор Кондратьевтің үйіне су жақындап қалған. Ол баспанасынан уақытылы көшірілді.

Виктор Кондратьев, Николаевка ауылының тұрғыны, Есіл ауданы:

– Қыстан бері ауылдан 13 мың текше метр қар шығарылыпты. Сондай-ақ, көшелерден 10 мың текше метр су сорылып алынған. Елді мекенге су келмес бұрын тұрғындар ғана емес, сонымен қатар, жануарлар да эвакуацияланды.

ДАЛАБАЙ ҚАБДУАЛИЕВ, Николаевка ауылдық округінің әкімі, Есіл ауданы:

– Қауіптен біз бір, екі адым алдыға жүріп, кісілерді аман алып қалдық. Кеше Президентіміз елге өзінің тапсырмаларын берді. Мемлекет басшысының өзі де айтып өтті бірде-бір адам жалғыз өзі қалмайды деп. Яғни, шыққан шығын барлығы өтеледі. Қазіргі кезде бізде ондай шығын жоқ.

Айта кетейік, Николаевка тұрғындарының саны 1300-ден асады.

 

Гүлден Сембаева