Қоғам

Ана мен сұлулық күні аталып өтілді

Ана мен сұлулық мейрамы. Демалыс күні Достық үйінде армян халқының ұлттық мерекесі аталып өтілді. Ұйымдастырушы – облыстық “Кентрон” армян мәдени орталығы. Дәстүрлі жиынның мақсаты – әйелдерге деген шексіз сүйіспеншілікті білдіріп, олардың қоғамда алатын орнын тағы бір мәрте айшықтау. Ал ерекшелігі – Халықаралық әйелдер күніннен бастап, ұлттық мерекеге дейін ер азаматтар қыздар қауымын 1 ай бойы ұлықтайды екен.

КАРИНЕ САМУДИНОВА-САФАРЯН, облыстық “Кентрон” армян этномәдени орталығының хореографиялық көркемдік жетекшісі:

– Бүгін облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы мен “Кентрон” армян мәдени орталығы өте ерекше “Ана мен сұлулық” атты мерекені атап өтіп жатыр. Аталмыш мейрамның біз үшін алатын орны бөлек. Себебі, барлығымыздың басымыз қосылады, жайнап-жадырып жүреміз әрі жылы сөздер естиміз. Көпшілік армян халқының мәдениетімен танысуға мүмкіндік алады. Біз мерекеге ұзақ уақыт әрі тиянақты дайындаламыз. Өнер көрсететіндердің саны ауқымды болады.

Жылулық пен сұлулықтың символы саналатын мейрам Арменияда сәуірдің 7-ші жұлдызына бекітілген. Бұл күні ән мен биден шашу шашылып, түрлі жанрдағы мерекелік бағдарлама дайындалады. Жас ұл-қыздар өз тілдерінде аналарына ізгі тілектерін білдіріп, өлең оқып береді.

ТАТЕВИК СГОЯН-КЕРАППЕТЯН, облыстық “Кентрон” армян этномәдени орталығының өкілі:

– Шараға мен де, менің шәкірттерім де қатысады. Өзім – армян тілін үйрететін оқытушымын. Көптен бері осы Достық үйінде жұмыс істеймін. Бүгін балалар өз тілімізде аналарына өлең шумақтарын оқып береді. Ұлттық әндеріміз бен биімізді ұсынамыз.

ГАРИК МЕЛКОНЯН:

– Біз қазір топ болып ортаға шығамыз. Аналарымыз осында отыр. Жылы лебізімізді білдіріп, шын жүректен тілек арнаймыз. Жылда осы мерекеге жаңа өлең шумақтарын жаттаймын. Басқа өнер түрлерінен қалыс қалмаймын.

Жалпы, бұл күні сахнада өнерпаздар 20 шақты ән-би қойылымын қойды. Қоса кетейік, бүгінде солтүстік өңірде армян ұлтының 3 мыңға жуық өкілі тату-тәтті өмір сүруде.

 

Ақжүніс Мұқатай