Қоғам

Жол ережесін бұзған электр самокат жүргізушілері әкімшілік жауапкершілікке тартылады

Қар еріп еді, электр самокаттар шықты. Әлегі көп шағын көлік маусымын полицейлер профилактикалық рейдпен бастады. Тұрғындарға жол жүру ережесі түсіндірілді. Самокатпен көліктермен бірге жүруге оқталған адам 18 жасқа толуы керек және қолында жүргізуші куәлігі болуы қажет.

ӘСЕМГҮЛ ӘЛІБАЕВА, СҚО ПД ЖПҚБ аға инспекторы:

– Велосипед жолы мен жолағы болмаған жағдайда электр самокаттарының жүргізушілеріне жолдың оң жақ жиегімен, яғни, оның ішінде маршруттық жүретін көліктерге арналған жолақпен бір қатарға жүруге рұқсат етіледі.

Самокат тізгіндеген адам қай жолмен жүрсе де сағатына 6 шақырымнан аспайтын жылдамдықпен жүруі қажет. Самокатпен жолаушы және жүк тасымалдауға, бір жолақтан көп жерде солға бұрылуға тыйым салынады. Жаяу жүргіншілер өткелінен өтуге болмайды. Міндетті түрде арнайы бас киім кию қажет. Қараңғы уақытта жарық шағылыстыратын дүниесі болуы керек.

ӘСЕМГҮЛ ӘЛІБАЕВА, СҚО ПД ЖПҚБ аға инспекторы:

– Шағын электрлі көліктер мен электр самокаттарының жүргізушілері жолаушылар мен жүктерді тасымалдау ережелерін, сондай-ақ “Жол жүрісі туралы” заңда белгіленген өзге де талаптарды бұзған жағдайда әкімшілік жауапкершілік көзделген.

Электр самокат тізгіндегендер – біздің жіті назарымызда дейді тәртіп сақшылары. Ережені елемеген адам айыппұл арқалайды.

 

Ақжүніс Мұқатай