Қоғам

Жастар экстремизмге қарсы!

Экстремизм мен терроризм – қазір қоғамды алаңдатып отырған өзекті мәселелердің бірі. Онымен күрес барысында жастарды қамтып, түсіндірме ісін жүргізу міндетті. Бүгін Сәбит Мұқанов атындағы облыстық кітапханада семинар өтті. Оған 30-ға жуық жас пен бейінді басқарманың өкілдері қатысты.

НҰРТАС НҰРМАХАМБЕТ, СҚО дін істері басқармасының өкілі:

– Қазіргі таңда облысымызда діни ахуал тұрақты. Дегенмен, инструктивті діни идеялогияның таралу мәселесі әрқашан өзекті болып табылады. СҚО әкімдігімен мен дін істері басқармасы бірігіп, әр түрлі іс-шаралар жүргізуде. Негізгі мақсат – заңбұзушылықтардың алдын алу.

Мамандардың сөзінше, түрлі теріс ағымға діни сауаты жоқ адамдар түседі. Бұл түптің-түбінде экстремизм немесе терроризмге алып келуі мүмкін. Айта кетерлік тағы бір жайт, көбінесе заң бұзуды көздейтіндер әлеуметтік желі қолданушыларының, оның ішінде жастардың ой-санасын улауы ықтимал.

АЛЬБИНА СОВЕТ, М.Жұмабаев атындағы жоғары колледжінің 1-курс студенті:

– Өзекті мәселелерді шешу үшін оқу орындарында сынып сағаты және де ашық сабақ форматында іс-шаралар өткізілуі тиіс. Жастарымыз осының арқасында діни сауатты болып, теріс ағымдарға кіріп кетуден сақтанады. Мен экстремизге қарсы жиындардың көптеп өткізілуін қолдаймын.

Ағымдағы жылы өңірде экстремизм бойынша 8 факті тіркеліпті. Басым бөлігі заңға қайшы діни кітаптарды таратуға қатысты. Профилактикалық мақсатта 10 жарым мыңға жуық адамды қамтыған 800-ден астам шара өткізілген.