Аптадағы маңызды жаңалықтар

Ғауез Нұрмұхамбетов: “Су тасқыны кезінде азық-түлік тапшылығы болмауы тиіс”

Өңір жетекшісі “Солтүстік” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы” ұлттық компаниясы” акционерлік қоғамына қарасты тұрақтандыру қорындағы жағдаймен танысты. Ғауез Нұрмұхамбетов өнімдер сақталатын қоймаға арнайы келуді жөн көрген. Себебі, қазіргі су тасқыны кезеңінде азық-түлік қауіпсіздігіне ерекше мән берілуі қажет.

ЖАҚСЫЛЫҚ ЕСДӘУЛЕТОВ, «Солтүстік» ӘКК» АҚ Басқарма төрағасы:

– Бізде 367 тонна күріш, 1333 тонна қант, 421 тонна тұз және жергілікті жерде өндірілген тауық етінің 493 тонна қоры бар. Сонымен қатар, 838 мың литр күнбағыс майы әзірленді. 5,6 миллион дана тауық жұмыртқасын да дайындадық. Бүгінде Солтүстік Қазақстан облысының кез келген нүктесіне азық-түлікті жеткізе аламыз. Ол үшін 4 бірдей “Газель” көлігіміз бар. Барлығы жұмыс істеп тұр.

Тауар қоры мен тасымал жайы айтылғасын тараптар бағаға қатысты сөз қозғады. Екі жеп биге шығуды көздейтін жандар кез келген жағдайды пайдалануы мүмкін. Тіпті, тасқында артық табыс табулары ықтимал. Бұған үзілді-кесілді тыйым салынады.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Мемлекет басшысы әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасын бақылауда ұстауды тапсырды. Су тасқыны кезеңінде бұған ерекше мән беру керек. Ешқандай өсімге, алыпсатарлыққа жол жоқ. Бүгін арнайы келіп, қормен, мүмкіндіктермен танысып отырмыз. Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы мен аудан әкімдері бұзушылықтарға дер кезінде тұсау салуы қажет.

Аймақ басшысы қаз-қатар тізілген азық-түлік түрлерімен жіті танысып шықты. Бүгінде тұрақтандыру қорымен тауық жұмыртқасы бойынша “Якорь құс фабрикасы” серіктестігі ғана келісім жасасыпты. Ғауез Нұрмұхамбетов жауапты басқарма басшысына тізімді толықтыруды тапсырды.

Қоса кетейік, тұрақтандыру қорында орта есеппен 4-5 айға жететін азық-түлік қоры сақталады.

 

Байболат Құлтанов