Қоғам

Декларациялаудың алғашқы кезеңдерінен қалыс қалғандар 270.00 форма бойынша тапсырады

Қазақстанда жеке тұлғалардың активтері мен міндеттемелері туралы декларация тапсыру жалғасып жатыр. Деректер 250.00 форма бойынша көрсетіледі. 4 кезеңдік маңызды науқан жайлы мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Төлеген Қабдөшев журналистермен өткен кездесуде тағы бір мәрте баян етті.

ТӨЛЕГЕН ҚАБДӨШЕВ, СҚО мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы:

– Жалпыға бірдей декларациялаудың негізгі міндеті: әділ салық салуды қамтамасыз ету және әлеуметтік саясатты жетілдіру; жеке тұлғалардың кірістерін бақылаудың тиімді тетігін құру; сыбайлас жемқорлық пен көлеңкелі экономика деңгейін төмендету.

Осы күнге дейін декларациялаудың 2 кезеңі өтіп, келесісі бастау алды. Ол күзге дейін жалғасады. Бұл науқанда заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылары және олардың жұбайлары мен өзгелер ортақ міндетті орындауы тиіс.

ТӨЛЕГЕН ҚАБДӨШЕВ, СҚО мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы:

– Жеке кәсіпкерлер мен олардың жұбайлары да тапсырады. Бұл кезең 60 мыңнан астам облыс тұрғынын қамтиды. Маңызды ақпарат, кәсіпкерлер өз істерін тоқтатқан жағдайда да декларация тапсырады.

Айта кетейік, арамызда декларациялаудың алғашқы кезеңдерінде жалпы ортақ міндетті орындамағандар бар. Мұндай жандар алаңдамаса болады. Олар өздеріне қатысты деректерді қыркүйектің 15-ші жұлдызына дейін 270.00 форма бойынша көрсете алады.

 

Байболат Құлтанов