Қоғам

Волонтерлер тасқын кезінде көмек көрсетуге әзір

Солтүстік Қазақстан облысының “Birgemiz” волонтерлік фронт-офисі Достық үйінде жедел-штаб ашты. Мұнда ең белсенді жастардың басы қосылған. Олар тасқын кезінде көпшілікке көмек көрсетуге әзір. Бүгін жиналғандар атқарылатын жұмыс жайлы талқылады.

ЖҰЛДЫЗ ТОҚТАРҒАЗЫ, СҚО ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы:

– Барлығымыз бірігіп, ел-елге, түр-түске бөлінбей, көмек қолын созбақпыз. Бүгінде қала бойынша 60-қа жуық еріктінің басы қосылды. Оларды тіркеу, мүмкіндігінше үйрету, бағыт-бағдар көрсету – біздің міндетіміз.

Сонымен қатар, бүгін Достық үйінде көмекке зәру тұрғындарды қолдау қоры ашылды. Бұл жерге әр азамат келіп, негізгі қажетті заттарды әкеле алады. Қазіргі таңда азғантай көмектің өзі – үлкен жәрдем.

ӘЛФАРАБИ МЫҢБАЙ, “Ауыл жастары” жастар қозғалысының басшысы:

– Қалалық жастар ресурстық орталығы еріктілері бүгінгі күнге дейін қала шетіндегі Тепличное және Прибрежное ауылдарында болып, тұрғындарына түсініктеме қағаздарын таратты. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатын болады. Жастар ертеңнен бастап төтенше жағдайлар қызметкерлеріне көмек қолын созады.

Шара соныңда ұйымдастырушылар ұл-қыздарға тасқын кезінде әрекет ету жолдары жазылған түсіндірме қағаздарын таратты. Айта кететін жайт, Солтүстік Қазақстан облысы еріктілер қозғалысы бойынша елімізде алғашқы орында тұр.