ТЖ

Тайынша ауданында су тасқынына қатысты жағдай күрделі

Соңғы тәулікте Черниговка мен Красная поляна ауылдарындағы 6 үйге қызыл су кіріп, 8 адам эвакуацияланыпты. Екеуі эвакуациялық қосынға апарылса, қалғаны туыстарының үйіне жөнелтілген. Тағы 40-тан астам төрт түлік қауіпсіз аймаққа шығарылды. Қазір тұрғындар біртіндеп қауіпсіз жерге көшіріліп жатыр.

МҰРАТ ҚАНҒОЖИНОВ, СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

– Аталған аймақтарда біздің мамандар жүр. Су кірген 8 үйдің 2-еуі Черниговкада, 6-ауы Красная полянада орналасқан. Кірген судың биіктігі 15 см-ді құрайды. Тұрғындардың көбі үйге бас көз болу керек деп көмектен бас тартып жатыр. Дегенмен, біздің мамандардың арнайы көлігі мен құралдары сонда. Тасқынды тоқтату үшін инженерлік жұмыстар жүргізілуде. 500 қап инертті материал дайындалды.

Топан су аталмыш ауданға қарасты Доброжановка ауылының тұрғындарын да әбігерге салуда. Онда 25 баспана бар, 62 адам тұрады. Қызыл су 5 үйдің ауласын жайлаған, бірақ үйдің ішіне кірмепті.

МҰРАТ ҚАНҒОЖИНОВ, СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

– Сонымен қатар, өңірдегі 30 жолды тасқын басты. 20-сымен өтуге болады, оны 6-уы – облыстық, 14-і – аудандық маңыздағы жолдары. Тағы айта кететіні, бүгін сағат түскі 13:00-дегі жағдай бойынша Сергеев қоймасының толымдылығы 95 пайызды құрады. Деңгейі бір тәулікте 7 см-ге көтерілген. Бүгін кешке ондағы су ернеуінен асады деген болжам бар. Ал қаладағы су қоймасының деңгейі бір күнде 4 см-ге жоғарылап отыр. Мұздың қалыңдығы 33 см-ді құрайды.

Қоса кетейік, су тасқыны басталғалы облыста 20 үйге су кіріп, 30 адам эвакуацияланды. 100-ден астам мал қауіпсіз жерге шығарылған. Бұл сандар әлі де артуы мүмкін. Алдағы күндері Есіл өзені мен оның салаларында су деңгейі күрт көтеріледі деп күтілуде.

 

Ақжүніс Мұқатай