Қоғам

Су тасқыны: ақпараттық-түсіндіру жұмысы

Бұл – Хромзауыт ықшам ауданындағы Рыжов көшесі. Ольга Ходыкинаның осында тұрып жатқанына 40 жылдан асқан. Айтуынша, 2017 жылы аумақ су астында қалыпты. Азаматша биыл жағдай қайталанбаса екен деп тілеп отыр.

ОЛЬГА ХОДЫКИНА, қала тұрғыны:

– 2017 жылы үйімізді су басты. Судың көлемі терезеге дейін жеткен еді. Сол кезде мені жолдасым арқалап өткізіп, құтқарған еді. Биыл олай болмайды деп ойлаймын. Бірақ, қамданып отырмыз.

Бүгін қала белсенділері мен құтқарушылар, полицейлер шеткері орналасқан ықшам ауданға келіп, тұрғындарға алдын алу жұмыстарын түсіндірді.

НАРИМАН ТОҚСАНБАЕВ, «Көмек жақын» еріктілер қозғалысының мүшесі:

– Халықың көбі жағдайдан хабардар. Көбісі дайынбыз дейді.

Ықшам ауданның кейбір жерінде қалың қар жатыр. Есіл де іргеде тұр. Тұрғындар осыдан күдіктенеді.

БЕЙБІТ КЕРЕЕВ, учаскелік полиция инспекторы:

– Әрбір тұрғынның үйіне кіріп жатырмыз. Хабарламаларды таратудамыз. Маңызды құжаттарды, керек заттарды, жылы киімдерін алуларын өтінеміз. Үйдің жарығын сөндіру жайлы да айттық.

Белсенділер мен құтқарушылар жаднама қағаздарын ұстап, барлық үйге кіріп шықты. Мұнда жүздеген баспана бар.

 

Мәдина Қаби