Экономика және қаржы

Өңірде ерлі-зайыпты заңсыз жолмен отын сатып келген

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің СҚО бойынша департаменті өңірдің кәсіби спорт саласына қатысты жүргізген тексерісті аяқтады. Нәтижесінде бірқатар кемшілік анықталды. Мысалы, аймақтың намысын қорғайтын “Қызылжар” ФК бюджеттің қаржысын пайдалану жөнінде есеп бермей келген. Ал өзіміз жақсы білетіндей, аталған ұйым мемлекеттен қомақты қаражат алады.

АЙДОС ЖҮНІСОВ, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің СҚО бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары:

– “Қызылжар” ФК облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасына есеп тапсырмай келген. Біз ұсыныс білдірдік. Енді клуб әрбір теңге үшін есеп тапсыратын болады.

Өңірдің аудандарында да бармақ басты, көз қыстылық әрекет тіркелді. Атап айтсақ, Ғабит Мүсірепов ауданында орманшы халыққа ағаш бермей, мыңдаған текше метрді кәсіпкер әйеліне босатып отырған. Нәтижесінде халық қалтадан әжептәуір қаржы шығаруға мәжбүр болған.

АЙДОС ЖҮНІСОВ, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің СҚО бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары:

– Орман шаруашылығының директоры босатылған ағаштың 77 пайызын әйеліне берген. Сонымен қатар, отынды әйелінен алу бойынша жұмыс жүргізген.

Мұндайға жол жоқ. Департамент орманшылар әлеуметтік әлжуаз топ өкілдерін арзан бағадаға және араланған отынмен қамту жөнінде ұсыныс білдірді. Бұны аймақ басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов қолдап, бейінді басқарма басшысына тапсырма берген. Журналистермен тілдесу барысында Айдос Жүнісов мемлекеттік сатып алулар саласында тіркелген бірнеше фактіні де тілге тиек етті.

 

Байболат Құлтанов