СҚО әкімдігі

Облыс әкімі Хорватия елшісімен кездесу өткізді

Биылғы жылдың қаңтар айында Қазақстан мен Хорватия арасындағы өзара серіктестік қарқыны жаңа деңгейге көтерілді. Биыл алғаш рет экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Хорватия Үкіметаралық комиссиясының бірінші отырысында екіжақты тауар айналымының ұлғаюын қамтамасыз етіп, энергетика, ауыл шаруашылығы, көлік пен логистика, туризм және денсаулық сақтау сияқты салалардағы өзара тиімді жобаларды жүзеге асыруға негіз қаланды. Бұл ретте Солтүстік Қазақстан облысының әкімі аталмыш бағыттарда бірлесе жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Сізге облыстың негізгі артықшылықтары туралы қысқаша ақпарат берейін. Біз Хорватиядан келген серіктестермен жұмыс істеуге дайынбыз. Ең алдымен, бұл – үлкен экспорттық әлеуеті бар агроөнеркәсіптік кешен. Республика аумағының небәрі 3,6 пайызын алып жатып елдің барлық ауыл шаруашылығы өнімдерінің шамамен 10 пайызын өндіреміз. Облыс еліміздің астық егетін өңірлерінің орталығында орналасқан және Қазақстанда өсірілетін барлық дәнді дақылдардың төрттен бірін жинайды.

Рефик Шабанович Қазақстан Республикасы Хорватия үшін өте маңызды экономикалық және саяси серіктес болып табылатынын атап өтті. 25 сәуір күні Хорватияның Загреб қаласында екі ел арасындағы экономикалық бизнес-форум өтеді. Бұл – өзара серіктестік нығая түседі деген сөз.

РЕФИК ШАБАНОВИЧ, Хорватияның Қазақстандағы елшісі:

– Қазақстан мен Хорватия арасындағы тығыз саяси қарым-қатынастан бөлек, қазіргі уақытта бизнес саласындағы ынтымақтастық жеткіліксіз. Сондықтан, СҚО аумағында Хорватиядан келіп, бизнес дөңгелетемін деген азаматтар үшін септесу қажет. Сәйкесінше, Хорватия елі де сіздердің отандастарыңызды құшақ жая қарсы алуға дайын. Сонымен қатар, егер сіздерде Загребтегі экономикалық форумға қатысқысы келетін компаниялар болса, мені хабардар етулеріңізді сұраймын. Өйткені, уақыт әлі де бар және сапарды ұйымдастыруға да уақыт жеткілікті.

Загребтегі бизнес-форум екі елдің кәсіпкерлері мен инвесторлары үшін өзекті мәселелерді талқылап, тәжірибе алмасып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын алаңға айналмақ. Бұдан бөлек, екі ел арасында спорт, фармацевтика мен өнеркәсіп саласына да жол қойылған. Қазақстандық нарықта Хорватиялық 20 компания жұмыс істеп тұр.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Біз әріптестерімізбен міндетті түрде кеңесіп, Загребте өтетін экономикалық форум бойынша кеңесетін боламыз. Аталмыш форумға өзіміздің жергілікті кәсіпкерлерімізді жіберуге тырысатын боламыз. Менің ойымша, олар да осы форумға қызығушылық танытып, Хорватияға барып келеді.

Облыс әкімі екі ел арасындағы алдағы жемісті ынтымақтастыққа сенім білдірді. Солтүстік өңірге сапар барысында Рефик Шабанович «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы мен жергілікті жоғары оқу орнын аралап, өңірдің сүт-тауарлы фермасының жұмысымен танысатын болады.