Қоғам

Ауылдың жағдайы – әкім жұмысының айнасы

Абай Шайменов Қызылжар ауданындағы Рассвет ауылдық округіне 5 жылдан бері жетекшілік етіп келеді. Бескөл ауылының тумасы жас кезінен әкімдіктің тыныс-тіршілігімен таныс. 15 жылдан астам уақыт бойы сайлау комиссиясының төрағасы қызметін атқарған. Бүгінде 1600-ге жуық тұрғыны бар елді мекеннің әлеуетін арттыру үшін еңбек етуде.

АБАЙ ШАЙМЕНОВ, Рассвет ауылдық округінің әкімі, Қызылжар ауданы:

– Ауылдың жағдайын ақырындап көтеріп жатырмыз. Жол салу, су тарту, жарық орнату секілді істер тынтырылуда. 2019 жылы мектебімізге күрделі жөндеу жасалынды. Біздің округқа 4 ауыл кіреді. Соның бірі Семипалатноеда мектеп жоқ. Балаларды осында әкеліп оқытамыз.

Рассвет ауылының өзінде 600 адам тұрады. Олардың санын оңтүстіктен келген жанұя толықтырып отыр. Отағасы мал дәрігері болып ақша тапса, зайыбы мектепте қызмет етеді. Жалпы, ауыл жұртының барлығына дерлік екі қолға бір күрек табылатындай жағдай жасалған.

АБАЙ ШАЙМЕНОВ, Рассвет ауылдық округінің әкімі, Қызылжар ауданы:

– Халық жұмыспен қамтылған. Ауылда қалдыру үшін жеке кәсіпорындар ашылуда. Әлеуметтік нысандар да жоқ емес. Дүкен, кафе мен шаштараз бен тігін цехы бар.

Айта кетейік, ауылда фелдьшерлік-акушерлік қосын салынып жатыр. Нысан жуырда қолданысқа тапсырылады. Спорттық алаң да бой көтерген. Рассвет ауылдық округінен небәрі 2 шақырым жерде орналасқан Семипалатное ауылының тұрғындары әкімнің жұмысына риза.

ГАЛИНА КУБАСОВА, ауыл тұрғыны:

– Биыл Семипалатное ауылына 100 жыл толады. Соған орай ауыл ішін ретке келтіріп, мерейтойға дайындалып жатырмыз. Халқы аз қалғанымен кішкентай ауылымызды жақсы көреміз. Ауылымыз жанға жайлы.

“Ауылдың жағдайы – әкім жұмысының айнасы” дейді тұрғындар. Осы ретте әкім атанған жан халыққа жанашыр болса игі.

 

Ақжүніс Мұқатай