Денсаулық сақтау

Акушерлік және гинекология саласы бойынша бірегей шеберлік-сабағы өтті

Білгенің бір тоғыз, білмегенің тоқсан тоғыз! Астаналық ақхалаттылар облыстық перинаталдық орталықта шеберлік-сабағын өткізді. Саланың жілігін шағып, майын ішкен жандар 5 күндік жұмыс сапары аясында теріскейлік дәрігерлерге ана мен бала өлімін болдырмау, босану кезінде шұғыл шаралар қабылдау турасында мол мәлімет айтты. Айтып қана қоймай, ота барысында барлығын жіті көрсеткен. Елордалық мамандар Петропавлда 2 күннің ішінде 3 адамға операция жасапты.

ҒАЛЫМ ШЕГЕНОВ, Астана медициналық университетінің акушерлік және гинекология кафедрасының доценті:

– Жоспар бойынша 1-ші күні – 2 адамға, келесі күні 1 адамға операция жасадық. Екінші отада егіз бала туды. Жалпы, операция қиын өткен жоқ, жақсы өтті. Әр отаның ұзақтығы – 1,5 сағат. Опеарацияның жүргізу жолы болады. Біз өзіміздің модификациямызды қолданамыз. Қан кету шығынын азайту, баланы шығару бойынша техникаларды көрсетіп, айтамыз.

Талай шәкіртке білім нәрін құйған мамандардың сөзінше, қан кету, гипертониялық және септикалық жағдайлар салдарынан өлім-жітім болуы мүмкін. Бұны болдырмау үшін жас мамандар тәжірибелі әріптестерімен үнемі байланысты болып, жаңа әдіс-тәсілдерді меңгерулері қажет. Қазір облысымызда 2 800 жүкті әйел бақылауда тұрса, оның 54 пайызы түрлі ауруға шалдыққан.

ЕЛЕНА КАЛЮЖНАЯ, облыстық перинаталдық орталықтың директоры:

– Шеберлік-сабағына 25 дәрігер қатысты. Мамандар операцияның барысын толығымен көрсетті. Біздің жұмыста метропластика деген отаның түрі бар. Елордалық әріптестеріміз соны кеңінен қолданады. Нәтижесінде ананың ағзасы сақталады, бала да аман-есен өмірге келеді. Міне, біздің мамандар осыны тереңірек меңгерді. Жинаған тәжірибені өз жұмысымызда қолданатын боламыз.

Астана медицина университетінің өкілдері өңірімзге аталған білім ордасының 60 жылдығына арналған іс-шаралар аясында келіп отыр. Биыл іргелі қара шаңырақтың облыстық перинаталдық орталықпен ынтымақтасық орнатқанына – 15 жыл.

 

Гүлден Сембаева