Қоғам

“Экстремизмге қарсы” акциясы ұйымдастырылды

Экстремизм мен терроризм. Екеуі де өзекті мәселе. Бүгін қала еріктілері Дін істері басқармасының мамандарымен бірлесе отырып адам көп жүретін жерге барып, жаднама таратты. Онда адамға лаңкестік әрекет қаупі төнген кезде өзін қалай ұстау қажет және қайда жүгіну керектігі туралы егжей-тегжейлі сипатталған.

МИХАИЛ ТИМИН, “Көмек жақын” еріктілер қозғалысының мүшесі:

– Жарылыс қаупі бар екенін мына белгілерден аңғаруға болады. Егер көліктің астынан, подъезде немесе үйдің маңында сым шығып тұрса, бөтен иіс болса, бұл қауіптің белгісі болуы мүмкін. Кейбір жарылғыш заттың иісі сорпа дәмдеуіштеріне ұқсайды.

Лаңкестік әрекет адам көп шоғырланған жерде болуы мүмкін. Сол себепті, айналадағы жағдайды бақылап жүру керек дейді шараны өткізушілер.

ТЕМІРЛАН БӘЙКЕНОВ:

– Мұндай профилактикалық акцияны жиі ұйымдастырып отыру қажет, себебі көбісі біле бермейді. Мысалы, мен аталған қауіптің қандай белгісі болатынын білмедім. Шығып тұрған сымдар еш күдік тудырмауы мүмкін. Жаднаманы оқып шықтым, ішінде жазылған пайдалы ақпаратпен таныстым.

“Экстремизмге қарсы” акциясы кезінде белсенділер 500-ге жуық жаднама таратты. Мұндай шараларды еріктілер жиі өткізбек.

 

Гүлден Сембаева