Спорт

Мұғалімдер арасында өткен спартакиада мәресіне жетті

Бүгін мұғалімдер арасында 5 күнге созылған спартакиада өз мәресіне жетті. Соңғы жарыс волейболдан өтті. Қазір ортада 25-ші орта мектеп пен Абай атындағы гимназия ұжымдары бақ сынасуда. Ойын тартысты өтіп жатыр. Шешуші сәт болғандықтан, екі жақтың да мұғалімдері бар күштерін салуда. 25-ші мектеп өкілдері қанша тырысса да гимназиялықтар жеңіп кетті.

БОЛАШАҚ ҚАПАБАЕВ, Абай атындағы мамандандырылған қазақ мектеп-гимназиясының мұғалімі:

– Оларды 2:0 есебімен жығып, жеңіске жеттік. Біз топпен 17, 27, 26 және М.Жұмабаев атындағы IT мектептерімен ойнап, олардың барлығын ұттық. Жартылай финалда Қожаберген жырау атындағы 6-шы мектеппе нсайысқа түстік. Ақтық ойында 25-ші мектепті жеңіп отырмыз.

Ойынға 19 команда қатысып отыр. Жарыстар спорттың 6 түрінен өтті. Олар: шахмат, арқан тартыс, теннис, дартс, тоғызқұмалақ пен волейбол. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл спартакиада жылда өткізіледі. Биыл қатысушылардың саны артқан.

СӘЛИМА МАКИШЕВА, қалалық кәсіподақ комитетінің төрағасы:

– Өткізіп жатқан мақсатымыз – мұғалімдерді жарыстыру және өзара қарым-қатынас жасау үшін ұйымдастырдық. Мұғалімдерде 3 тоқсан өтті. Ең шешуші тоқсанымыз алда. Сондықтан, осы жарыстан әжептауір эмоция, күш-жігер алсын дейміз. Шешуші 4-ші тоқсанды көңілді күймен бастағандарын қалаймыз.

Сонымен жарыста 1-ші орынды М.Жұмабаев атындағы IT мектеп ұжымы иеленді. Екінші орынға Әлихан Бөкейхан атындағы 25-ші мектеп мұғалімдері тұрақтаса, үздік үштікті 32-ші білім ұясының өкілдері тұйықтады.

 

Мәдина Қаби