Мәдениет

Сахна саңлақтарының кәсіби мерекесі аталып өтілді

Кеше, яғни 27 наурыз – Халықаралық театр күні ел бойынша аталып өтілді. Кәсіби мереке қаладағы сәні мен салтанаты жарасқан Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрында да тойланды. Келген қонақтарды жергілікті өнерпаздар әсем әуенмен қарсы алды. Кірген кезде ғажайып сезімге бөленіп, көңіл бір сәтке тынышталатын жерге жиналған қауымның да қарасы аз болмады.

ОЛЖАС ЗЕЙНОЛЛА, С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының бөлім меңгерушісі:

– Негізі театр – қазақтың төл өнері. Ұрпақтан ұрпаққа мұра болып келе жатыр. Оның осылай жоғары дәрежеде аталып өтілуі біз үшін өте маңызды. Барша Қазақстанның театр мамандарын мерекемен құттықтаймын.

Көп ұзамай жиналған жұрт залға қарай ығысты. Оларға жуырда премьерасы болған түрік режиссерінің “Сараң” атты қойылымы ұсынылды. Спектакль көптің ойынан шығып, жоғары бағаланған болатын. Жалпы, Мұқанов театрының қоржыны алуан тақырыптағы әрі сапалы туындыларға бай. Оны мына театрсүйер тұрақты көременнің жылы лебізі мен сөзінен айқын байқауға болады.

АЛУА КЕҢЕСБАЙ, театрдың тұрақты көрермені:

– Әдебиет пен театр – егіз ұғым, бір-бірінен бөліп жара алмаймыз. Маған поэзия қалай ұнайтын болса, театр да солай ұнайды. Қызылжар өңіріне келгенде алдымен театр мен кітапханаға соқтым. Ол кезде ескі ғимарат еді. Сол кезде қойылымдар ұнады. Әртістердің ойнау шеберлігі, көрерменмен байланысы да ерекше. 1-курсқа түскеннен бастап бірде бір қойылымды қалдырмай келемін. Алматыдағы Жүргеновті аяқтап келген актерлердің де ойыны ұнайды.

Айта кетейік, шаһардағы бұл театрда 40-қа жуық актер бар. Кеше Халықаралық театр күніне орай өнер иелерінің арасынан үздіктер анықталып, марапатқа ие болды.

 

Ақжүніс Мұқатай