Қоғам

Облыстық қоғамдық кеңес отырысы өтті

Облыстық мәслихат қабырғасында биылғы бюджеттен қалған қаражатты бөлу мәселесі қарастырылды. Оның жалпы сомасы 11 млрд теңгені құрап отыр. Жиында тариф мәселесі де қозғалуы тиіс еді, алайда Табиғи монополияларды реттеу комитетінің өкілдері жиынға келе алмады. Қоғамдық кеңесте облыстық қаржы басқармасының басшысы Наталья Дышкант қаржының қалай бөлінетіндігін түсіндірді.

НАТАЛЬЯ ДЫШКАНТ, СҚО қаржы басқармасының басшысы:

– Облыстық білім басқармасына 1 578,7 млн теңге бөлінбек. Соның ішінде “Оқжетпес” лагерін жөндеуге 136,8 млн теңге, Уәлиханов ауданы Қайрат ауылындағы мектепті күрделі жөндеуге 230,4 млн теңге жұмсалмақ. Сондай-ақ, Бидайық мектебі мен М.Жұмабаев атындағы IT-мектеп-лицейіне жүргізілетін ағымдық жұмыс көлемі 53,8 млн теңгеге шығып отыр. Күрделі жөндеу жүргізгелі жатқан нысандарға құжаттама дайындауға 20 млн теңге қаржы кетпек.

Жиында денсаулық сақтау саласына да бағытталатын қаржы талқыланды. Емдеу мекемелеріне жылыту қазандықтарын сатып алуға 36,1 млн теңге бөлінбек. Медициналық техникаға 52,5 млн теңге қарастырылмақ. Мекемелерді жөндеуге әрі жобалық-сметалық құжаттамаларын жасауға 4,7 млн жұмсалмақ. 2,8 млн теңгеге жуық қаржы облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасына бағытталғалы отыр. Оның ішіне 500 млн теңгеге жуық қаржының басым бөлігі қаладағы “Орман” ықшам ауданында 600 орындық мектептің инженерлік желілерін салуға жұмсалады. Қалған шамалы бөлігі Ғ.Мүсірепов ауданында «Ауылдағы 600 орындық мектеп құрылысы» жобасы аясында жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге бағытталады.

 

Гүлден Сембаева