Мәдениет

Есіл ауданында Наурыз мейрамы тойланды

Наурыз мейрамы – көктем мейрамы және Орталық Азия халықтарының Жаңа жылы. Бұл мереке бірнеше мың жылдан бері аталып келеді. Тарихи мəліметтерге сүйенсек, Наурыз жер жаһандағы көне мейрамдардың бірі саналады. Қазақстанда 21 және 22 наурыз Ұлыстың ұлы күні ретінде аталып өтіледі. Осы күні күн мен түн теңесіп, Жаңа жылдың келуін білдіреді. Көктемнің керемет мерекесін Есіл ауданының тұрғындары да атап өтті. Жерлестерін аудан басшысы Мереке Мұхамедияров құттықтады.

МЕРЕКЕ МҰХАМЕДИЯРОВ, Есіл ауданының әкімі:

– Ағымдағы жылы ҚР Президентінің бастамасымен төл мерекемізді тойлаудың жаңа тұжырымдамасы қалыптастырылып, оның мазмұнын идеологиялық мәнмен байыту үшін жыл сайын 14 және 23 наурыз аралығында өткізілетін Наурызнама 10 күндігі жарияланып, оның әр күні белгілі бір тақырыпқа арналды. Осы тұжырымдамаға сәйкес ауданда күн сайын мерекелік іс-шаралар өткізіліп, бүгінгі күнге дейін жалғасуда. Тәуелсіз мемлекетіміздің қалыптасуымен бірге жаңғырған Наурыз мейрамы көпұлтты Қазақстан халқы үшін мерейлі мерекеге айналып, бірлік пен ынтымақтың саяси тұрақтылықтың негізі болды. Біз үшін тәуелсіздіктен асқан мұрат, мәңгілік елден асқан мақсат жоқ.

Биылғы Наурыз мейрамы ерекше. Ауа райы да мейірін төккен, халықтың көңіл күйі көте­ріңкі. Наурыз мейрамын тойлау үшін Есіл ауданының орталығында киіз үйлер тігіліп, спорттық жарыстар ұйымдастырылды. Аудан қонақтары мен тұрғындарын Ақан сері атындағы облыстық филармония әртістері мен жергілікті шығармашылық топтар құттықтады.

Мерекені тойлауға келген халық, өткізіліп жатқан мерекелік іс-шараларға дән риза. Барлығы бір-бірін құттықтап, ізгі тілектерін жолдады.