Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі жұмыс сапарымен Аққайың ауданында болды

Бұл – Аққайың ауданындағы Смирново елді мекенінде орналасқан жалпы үлгідегі қарттар мен мүгедектерге арналған интернат. Орталық 1971 жылы салынған. 275 орынға шақталған. Қазіргі таңда интернатта 240 адам тұрады. Олардың 125-інің мүгедектігі бар. Қарттарға 155 адам қызмет көрсетеді. Өңір басшысы ең бірінші осы мекемеге бас сұқты. Ғауез Торсанұлы қарттар үйінің жағдайын өз көзімен көріп, ас мәзірімен танысты.

– Жалпы, ас мәзірінде көкөністер, сиыр, тауық және балық еті бар. Сондай-ақ, біздің мәзірге сүт өнімдері, әр түрлі салаттар, бал кіреді.

Жалпы үлгідегі қарттар мен мүгедектерге арналған интернатта барлық жағдай жасалған. Бұл орталықта демалыс орны да қарастырылған. Қариялар онда әр түрлі мерекелерді атап өтеді. Сонымен қатар, мұнда спорт залы жұмыс істейді. Қариялар облыстық «Үміт» спорттық сайысына қатысып, ылғи жүлделі орындар да алып жүр. Ғауез Торсанұлы кездесу соңында қарияларды қасиетті Рамазан айымен және келе жатқан Наурыз мерекесімен құттықтап, интернатқа теледидар сыйлады.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Өздеріңіз білетіндей, биыл Наурыз мейрамы қасиетті Рамазан айымен бірге өтетін болады. Рамазан айы баршамызға құт-береке әкелетін болсын, ораза ұстаған адамдарымыз бар. Қабыл болсын.

Өңір басшысы кейін Власовка елді мекенінде орналасқан «Кедр» тауарлы-сүт фермасына барды. Онда жылына 1000 тонна сүт өндіріледі. Осы жылы шаруашылық Германиядан 530 млн теңгеге 186 бас симментал тұқымды сиыр сатып алды.

ЕВГЕНИЙ ЗАРУЦКИЙ, «Кедр» тауарлы-сүт фермасының директоры:

– Сатып алған қара мал бір айға сақтандырылды. Яғни, сиырға бірдеңе болса ақшасын толық, ал ірі қара қысыр болса, ақшамыздың 25 пайызын қайтаруға міндетті. Бізге 6 сиыр келген жоқ, қаржыны толығымен қайтарып берді.

Бұдан кейін өңір басшысы «Кедр» тауарлы-сүт фермасымен көршілес тұрған «Герд» шаруашылығына барды. Сүт фермасы жылына 2000 тонна өнім өндіреді. Жоба құны – 1,2 млрд теңге.

Аққайың ауданының әкімі Рүстем Елубаев аймақта жыл сайын сүт өндірісінің қуаты мен көлемі артып келетінін тілге тиек етті.

РҮСТЕМ ЕЛУБАЕВ, Аққайың ауданының әкімі:

– Біздің аудан 2019 жылы 30-33 мың тонна сүт өндірсе, 2023 жылы біз бұл көрсеткішті 50 мың тоннаға жеткіздік. Жоспар бойынша 2026 жылы 60 мың тонна сүт өндіреміз деп отырмыз.

Ғауез Торсанұлы бұдан кейін Рублевка ауылындағы «Зенченко» серіктестігі жұмысшыларына салған көппәтерлі үйге барды. Кәсіпорын директоры Иван Зенченконың айтуынша, тұрғын үй қолданысқа өткен жылы берілген. Кәсіпкер биыл да жаңа баспана салу жоспарда бар екенін айтты.

ИВАН ЗЕНЧЕНКО, «Зенченко» ЖШС директоры:

– Бұл үйлерде ыстық су, кәріз желісі бар және орталық жылу жүйесіне қосылған. Мына ескі ғимараттың орнына жаңа үй салу жоспарда бар.

Бұдан кейін облыс басшысы «Зенченко» тауарлы-сүт фермасының жұмысымен танысты. Рублевка ауылындағы шаруашылықта 1200 жуық симментал тұқымды сиыр бар. Ферма толық автоматтандырылған. Яғни, сиырлардың күйі мен алынған өнім көлемі заманауи қондырғылар арқылы бақыланады. Ғауез Торсанұлы ферманың жұмысына оң баға беріп, серіктестікке әрдайым қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.

 

“Қызылжар” телеарнасы