Денсаулық сақтау

Жедел жәрдем орталығы перинаталдық орталыққа көшірілмек

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:

– Облыстық жедел медициналық көмек көрсету орталығы орналасқан ғимараттың тарихы тереңде жатыр. 1905 жылы бұл нысанның іргетасы құйылып, қабырғасы көтеріліпті. Содан 124 жыл өткен. Қазіргі таңда орталықты өзге ғимаратқа көшіру мәселесі кең ауқымда талқыланып жатыр.

Жергілікті билік пен бейінді басқарма бірнеше нұсқаны қарастырған. Жан-жақты зерттеулердің нәтижесінде көңілге қонымды орын анықталыпты. Ол – облыстық перинаталдық орталық орналасқан ғимарат. Жоспар бойынша сәби үні естілетін мекеме Петропавлдың солтүстік қақпасында салынып жатқан ауруханаға көшіріледі.

НҰРЖАН ТАҒАНИЯЗОВ, СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

– Жол картасы бойынша 2025 жылы жаңа облыстық аурухананың құрылысы аяқталады. Құрылыс аяқталғасын перинаталдық орталық сонда көшіріледі. Ал перинаталдық орталыққа жедел жәрдем орталығы келеді. Орталық көліктермен 100 пайыз қамтамасыз етілген.

Облыстық жедел медициналық көмек көрсету орталығы орналасқан қазіргі ғимарат адамға да, техникаға да тарлық етеді. Бүгінде орталық базасында 25 қызметтік көлік бар. Соның 12 бірлігі солтүстіктің саршұнақ аясында тәулік бойы сөнбей далада тұрады.

ЮРИЙ БЕЛОНОГ, СҚО жедел медициналық көмек көрсету орталығының директоры:

– Алдын ала әзірленген жоспар бойынша біз акушерлік корпустың 2 қабатын аламыз. Бұл – шамамен 2 жарым мың шарты метр. Сонымен қатар, перинаталдық орталықтың артында үлкен аумақ бар. Сол жерде 30-40 көлікке арналған заманауи гараж салуға болады. Әйтпесе, қазір көліктердің жартысына орын таппай отырмыз.

Юрий Белоногтың сөзінше, перинаталдық орталық логистика тұрғысында да ыңғайлы. Яғни, шаһардың ортасында орналасқандықтан науқастарға жылдам жетуге болады.

ЮРИЙ БЕЛОНОГ, СҚО жедел медициналық көмек көрсету орталығының директоры:

– Жоспарымыз жүзеге асса дәрі-дәрмекке де кең орын табылар еді. Сонымен қатар, жаттығу жасайтын өзіміздің залдарымыз болады. Біздің мамандар шеберліктерін ұдайы шыңдап отыруы керек. Бұл бағытта жұмыс жүргізіп жатырмыз. Өкінішке қарай, біліктілік арттырылатын жерді жалдауға мәжбүрміз.

Айта кетейік, қазіргі таңда облыстық жедел медициналық көмек көрсету орталығында бір ауысымда 70 адам жұмыс істейді.

 

Байболат Құлтанов