Балалар

Сотта кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау

Қоғамда кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау деген түсінік бар. Өкінішке қарай, бұл түсініктің жылдан-жылға маңыздылығы артып келе жатқанын көреміз. Заңға сүйенсек, арнайы мамандар бірнеше бағытта жұмыс жүргізеді. Ол үшін елімізде Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот құрылған.

АРАЙ ӘБІЛМӘЖІНОВА, СҚО кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы:

– Егер статистикалық мәліметтерге жүгінер болсақ, Солтүстік Қазақстан облысының Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі сотына 2023 жылдың 12 айы ішінде 1111 талап арыз түсіп, 642 азаматтық іс қозғалып, қаралатын болса, аталған кезең бойынша 2022 жылдың 12 айы ішінде 456 талап арыз түсіп, 310 азаматтық істер толығымен қаралған.

Заң қаз-қалпында тұрмайды. Қоғамдағы жайттарға әрі мүмкіндіктерге байланысты өзгеріс болатынын білеміз. Жаңашылдық кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау бағытында да орын алуда. Біріне судья тоқталып өтті.

АРАЙ ӘБІЛМӘЖІНОВА, СҚО кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы:

– Бұрын кәмелетке толмаған ортақ балалары бар ерлі-зайыптылар арасындағы некені бұзу, мүлікті бөлу туралы, кәмелетке толмағандардың еңбек, мұрагерлік, тұрғын үй құқықтарын қорғау туралы істер жауапкердің тұрғылықты жері бойынша аудандық және оған теңестірілген соттармен қаралатын болса, бүгінгі күні аталған істер Солтүстік Қазақстан облысының Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі сотымен облыс бойынша қаралатын болады.

Баспасөз мәслихатында “таяқтың екінші” ұшы да қаралды. Яғни, кәмелетке толмағандармен жасалатын құқық бұзушылықтар туралы айтылды. Соттың судьясы Әлия Жұмабаевның сөзінше, ұл-қыздар көбінесе ұрлыққа барады. Ал екінші сатыда бұзақылық тұр.

 

Байболат Құлтанов