Құқық қорғау органдары

Облыс мектептерінде буллинг және тыйым салынған сайттарға кіру фактілері анықталды

Облыста жасөспірімдер тарапынан жасалатын қылмыс пен құқық бұзушылық фактілері көбейді. Тіпті, өткен жылы 2022-мен салыстырғанда 72 пайызға артқан. Бұл туралы облыстық прокуратурада өткен жында айтылды. Мамандардың айтуынша құқықбұзушылықтардың дені ұрлық, буллинг және бұзақылық болып табылады.

ҚАЗЫБЕК ҒАЛЫМЖАН, облыс прокурорының аға көмекшісі:

– Тексеру барысында жатақханада жасөспірімдер спирттік ішімдік ішкен. Соңында 1-еуіне зиян келді. Сондай-ақ, 6 аудан мен Петропавл қаласындағы білім беру ұйымдарында информатика кабинетінде ашық қолжетіміділік болған. Онда балаларды өз өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін материалдар болды. Осы заң бұзушылықтар тексеріс барысында анықталды.

Қазір тыйым салынған сайтты жабу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі
мобильдік топ тағы мектеп әкімшілігі жасырған 8 буллинг фактісін анықтады. Мамлют, Қызылжар және М.Жұмабаев аудандарында бір- бірден және Петропавл қаласында 5 оқиға анықталды. Қазір бұған қатысты тексеру шаралары жүргізілуде. Осындай жайт Есіл ауданында да тіркелді. Қаңтарда екі жоғары сынып оқушысы төменгі сынып оқушысын ұрамыз деп қорқытқан. Қос баланың ата-аналары әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Прокурорлардың айтуынша мұндай жағдайларды білім мекемесінің әкімшілігі жасырып қалуға тырысады екен. Құқық бұзушылық фактілері оқушылардың арасында ғана емес, мұғалімдердің қатарында да кездесті.

ВИКТОР НАЙДА, облыс прокурорының аға көмекшісі:

– Айыртау аданындағы мұғалімдердің бірінің алған дипломы жалған болып шықты. Қадағалау органының материалдары бойынша аудандық полиция бөлімімен ҚК 385-ші бабының 3-ші бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған. Кейін Қылмыстық-процестік кодексінің 35-ші бабы 1-ші бөлігінің тәртібімен қылмыстық жауаптылыққа тарту ескіру мерзімінің өтуіне байланысты тоқтатылған.

Бірнеше жыл бойы бастауыш сынып мұғалімі болып жұмыс істеген адам қызметінен қуылды. Бұдан бөлек облыс мектептерінде лаңкестікке қарсы қорғаныс, өрт қауіпсіздігі және санитарлық талаптың сақталмағандығы анықталды. Ал Жамбыл ауданында екі бала екі жылдан астам уақыт бойы мектептің есігін ашпаған. Енді олардың әке-шешесінің ата-аналық құқықтары шектеледі. Бұл іс бойынша тергеу жалғасуда.

 

Гүлден Сембаева