Қоғам

Пакеттердің сыртына интернет-алаяқтықтың қаупі жазылады

Полицейлер интернет-алаяқтыққа тосқауыл қоюдың жаңа тәсілдерін пайдалана бастады. Жаһандық проблема көзге түсуі үшін Аққайың аудандық тәртіп сақшылары ақпаратты полиэтилен пакеттердің сыртына басып шығаруды ұсынды. Бұл бастаманы жергілікті жеке кәсіпкер Сергей Векерле қолға алды.

СЕРГЕЙ ВЕКЕРЛЕ, жеке кәсіпкер:

– Аудандық полиция бөлімімен бірлесіп, интернет-алаяқтықты болдырмау үшін мыңдаған дана пакет басып шығардым. Соңғы уақытта достарымнан, таныстарымнан алаяқтар хабарласып, кодтарды сұрататынын естіп жүрмін. Тұрғындарды бұндай қоңырауларға сенбеуге шақырамын.

Ендігі міндет – тауарлық пакеттердің көпшілікке таралуы. Арнайы жиынның қорытындысы бойынша мұны аудандық кәсіпкерлік бөлімі жүзеге асыратын болды.

ӘЛНҰР АХМЕДЬЯРОВ, Аққайың аудандық полиция бөлімінің бастығы:

– Киберқылмыстарға қарсы іс-қимыл бағдарламасы шеңберінде Аққайың ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері азаматтардың арасында интернет-алаяқтық фактілеріне жол бермеу бойынша профилактикалық жұмыстар жүргізуде. Қазргі уақытта жеке кәсіпкер Векерле Сергей Юрьевичпен бірлесіп, 30 мың тауар пакетін дайындап шығардық. Пакеттердің сыртында интернет-алаяқтықтың қаупі туралы маңызды ақпарат жазылған.

Жыл басынан бері ауданда интернет-алаяқтық фактісі тіркелмеген. Бірақ, өткен жылы 9 адам зардап шегіпті. Алаяқтар барлық жағдайда «банктенбіз» деп өздерін таныстырған. Қулар 3,5 миллион теңгеге дейінгі шығын келтірген.

 

Гүлден Сембаева