Спорт

“Дене шынықтыру және спорт” бөлімінің ашылғанына – 25 жыл

Бүгін Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінде айтулы күн! Себебі, білім ордасындағы “Дене шынықтыру және спорт” бөлімінің ашылғанына 25 жыл толып отыр. Бүгін мерейтойдың құрметіне салтанатты жиын ұйымдастырылды. Шара барысында шақырылған қонақтар бөлімнің тарихын бір шолып өтті. Спорттық жеңістер мен жетістіктер де шет қалмады.

ҚАНАТ СӘДУАҚАС, СҚО спорт, дене шынықтыру және АӘД өңірлік оқу-әдістемелік орталығының директоры:

– 25 жылда колледжден мықты спортшылар шықты. Оның арасында әлемдік, республикалық дәрежедегі спортшылар көп. Жалпы, бұл оқу орны – облыстағы ең белді колледж. Студенттері де, оқытушылары да өте белсенді.

Қоса кетейік, осынау ширек ғасырдың ішінде бұл оқу орнынан халықаралық дәрежедегі 16 және Қазақстан Республикасының 87 спорт шебері дайындалған. Бұл – алдыңғы буынның нәтижесі. Ал қазіргі жастар несімен қуантпақ?

ҚАНАТ СӘДУАҚАС, СҚО спорт, дене шынықтыру және АӘД өңірлік оқу-әдістемелік орталығының директоры:

– Сонымен қатар айта кету керек, осы колледждің жастары қысқы республикалық “Қалқан” спартакиадасының чемпиондары атанды. Щучинскте өткен жарыста да жеңімпаз атанды. Өткен жолы Аламатыда өткен жарыста да құр келмеді. Биыл 22-29 ақпан аралығында оңтүстік астанамыздағы додаға қатысатын болады.

Алқалы жиында өнерпаздар да ортаға шықты. Ендігі кезек марапаттау рәсіміне де келіп жетті. Бірқатар оқытушыға білім беру жүйесін дамытуға зор үлесін қосқандары үшін білім басқармасының атынан Құрмет грамотасы табысталды. Еңбегі еленгендердің ішінде аталмыш колледж директорының орынбасары Динара Сандыбаева бар.

ДИНАРА САНДЫБАЕВА, СҚ жоғары кәсіптік-педагогикалық колледжі директорының орынбасары:

– Біз колледжімізде оқып, қазір өңір намысын қорғап атын шығарып жүрген түлектерімізді әрқашан мақтан тұтамыз. Қазіргі жастар да аға буынның ізін жалғастыра берсе нұр үстіне нұр болмақ. Біз олардың жетістіктерін студенттерге дәріптеп, қайталаудан еш уақытта шаршамаймыз. Барлығы дене шынықтыру және спорт факультеті оқытушыларының ерен еңбегі екенін ұмытпауымыз керек.

25 жылдың ішінде дене шынықтыру және спорт мамандығы бойынша мыңнан астам білікті ұстаз шығарылды. Бүгін колледж түлектері әрі мұғалім қызметіндегі жандар қуанышқа ортақтасып келіп отыр.

ЖАНДОС ИСИН, Қожаберген жырау атындағы №6 мектептің дене шынықтыру пәні мұғалімі:

– Бұл оқу орнына біз 2004 жылы түсіп, 2007 жылы аяқтадық. Одан бері 17 жыл өтіп кетті. Қазір маман иесі болып жүрген жайымыз бар. Оқушыларымыз әртүрлі деңгейдегі жарыстарға қатысып, жақсы нәтижелер көрсетіп жатыр. Әрине, оның барлығы -бізге тәлім берген оқытушылырдың арқасы. Сол кісілерге, әсіресе Алпамыс Сағитұлына алғысым шексіз.

Салтанатты шара әрі қарай концерттік бағдарламамен жалғасты.

 

Ақжүніс Мұқатай