Спорт

Жуан жұдырықты жігіттер өңірге оралды

Петропавл теміржол вокзалына жақындаған мына пойыз көпшілікті күттірді. Оның ішінде Аслан Асылбеков, Нұрсұлтан Жақыпов және Данияр Жарасов сынды ел мерейін асырған спортшылар келе жатыр.

Бұл жігіттер зор құрмет-қошеметке лайық. Олар жақында ғана сонау Үндістанда кикбоксингтен өткен халықаралық турнирде қарсылас шақ келтірмей, үшеуі де алтыннан алқа тағынды.

ДАНИЯР ЖАРАСОВ, кикбоксингтен халықаралық турнирдің жеңімпазы:

– 3 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңдім. Үндістандық 2 спортшыны нокаутпен ұттым. Ал финалда Ирак елінің өкілін ұпай сандары бойынша тізе бүктірдім. 2 жұмалық дайындақтан өттік. Жарыс жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

Жуан жұдырықты жігіттер жағаны жайлауға жібермейді. Спортшылар әрмен қарай тер төкпек. Алда ірі додалар тұр.

ӘДІЛ НҰРЖАУЫПОВ, кикбоксингтен облыстың аға жаттықтырушысы:

– Дайындықты әрмен қарай жалғастырамыз. Петропавл қаласында “Солтүстік Кубогы” турнирі өтеді. Сол жарыста жеңіске жеткен жігіттер Астанада өтетін Азия Кубогына қатысады.

Қоса кетейік, Үндістанда өткен халықаралық турнир 500-ден астам спортшының басын қосты. Қатысушылардың ішінде түркиялық, өзбекстандық, ұлыбританиялық және жергілікті кіл мықтылар болды.

 

Байболат Құлтанов