Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі қала тұрғындарын қабылдады

Облыс әкімінің қабылдауына ең бірінші болып Петропавл тұрғыны Орынбай Смағұлов келді. Оның айтуынша, Батыр Баян көшесінің бойында орналасқан калонкадағы су негізсіз жұмсалады.

ОРЫНБАЙ СМАҒҰЛОВ, қала тұрғыны:

– Осы су мәселесімен жүргеніме 25 жыл болды. Менің жанымда Батыр Баян, 66-да калонка тұр. Соған мен айтып жүрмін басына бутка қойып, счетщик орналастыру керек. Жаздыгүні су алайын деп барсаң резеңке етік кию керек. Болмаса, 300-400 метр метр жерден көршілер өздерінің аулаларына су тартып алып бізге су алғызбайды.

Өңір басшысы жауапты органдарға бұл мәселені қарастыруға тапсырма берді. Облыс әкімі, сондай-ақ, Ауған соғысының ардагері Қажымұрат Әлжановты қабылдады. Қала тұрғынының айтуынша, Ауған соғысы ардагерлерінің баспана кезегі жылжымай жатыр. Қазіргі таңда 60 ардагер үй кезегінде тұр. Оның сауалына қала басшысы Серік Мұхамедиев жауап берді.

СЕРІК МҰХАМЕДИЕВ – Петропавл қаласының әкімі:

– Біз негізінде осы жылы Ауған соғысының ардагерлеріне 6 пәтер береміз деп жоспарладық. Бірақ, бұл – заңға қайшы әрекет. Жалпы, биыл бір ардагер баспаналы болды, тағы 3-еуіне пәтер береміз деп отырмыз.

Ғауез Торсанұлы «СК Протеин» ЖШС-ның өкілін қабылдады. Асылбек Айкеновтың айтуынша, олар М.Қозыбаев атындағы СҚ университетімен бірігіп, ірі қара малдың терісі мен жүнін өңдеп, одан ақуыз ұнтағын алуға арналған жоба жасап шығарған. Бірақ, бұл өнімнің сапасын жақсарту үшін, оған амин қышқылын қосу қажет.

АСЫЛБЕК АЙКЕНОВ, «СК ПРОТЕИН» ЖШС дамыту жөніндегі менеджері:

– Бізге қаржылай қолдау керек. Себебі, бұл жоба көптеген мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Жалпы, қазіргі таңда бізге 700-750 млн теңге керек. Егер қолдау көрсетсеңіздер, біз өңіріміздегі ақуыз ұнтағының сұранысын жабуға қауқарлымыз.

Петропавл әкімі Серік Мұхамедиевтың айтуынша, облысқа республикадан бөлінетін қаржының басым бөлігі сүт және ет өнімін өндіретін серіктестіктерге беріледі. Сол себепті, қазіргі таңда мұндай қомақты соманы табу қиынға соқпақ.