Мәдениет

Ерік Асқаровтың туғанына – 65жыл

Драматург, дарынды ақын әрі жерлесіміз Ерік Асқаров көзі тірі болса биыл 65 жасқа толар еді. Сұм ажал ел азаматын 40-тан енді асқанда алып кетті. Шалқар шабыт иесі аз ғұмырында мол мұра қалдырып үлгерді. Кіндік қаны тамған жер туралы жырлады. Туған әпкесі Алма Нұрышева бауырын сағына еске алады. Елдің Ерігіне айналған ақын бала кезінде ұқыпты, алғыр, шешен әрі тентектеу болыпты.

АЛМА НҰРЫШЕВА, Ерік Асқаровтың әпкесі:

– Жатарда әкем ертегі, қиссаларды түнімен айтатын. 4-сынып оқып жүрген кезде “Бір ертегі айт” деп әкемнің қасына жата қалыпты. Айтып жатқан кезде қателесіп кеткен екен. Сол кезде Ерік түзепті.

Жиынға келгендер Ерік Асқаровтың шығармашылығына тоқталып өтті. Ол суырып салма айтыскер де болған. Заманында Әселхан Қалыбекова, Қонысбай Әбілов секілді хас шеберлермен аламанға түскен. Ақын – 6 баланың әкесі. Бүгінгі шараға 15 жасында әкесінен айрылған ұлы Бекзат Асқаров қатысып отыр. Сөзінше, теріскейді танытқан тұлға Абайды пір тұтып, Мұқағалиға мұңын шаққан.

БЕКЗАТ АСҚАРОВ, Ерік Асқаровтың баласы:

– Шығармалары үлкен жинақ болып шықты. Барлық еңбегін оқыдық. Туған күні жылда аталып өтеді. Айтыс ұйымдастырылады. Жүрсіннің жүйріктері келеді. Ақкөңіл, ақжарқын кісі болды.

Қазіргі таңда Қызылжарда Ерік Асқаров атындағы облыстық жас ақындар мектебі бар. Онда ананың сүтімен, әкенің қанымен келетін ұлы өнерді 50 бала меңгеріп жүр. 5 ұстаз тәлім береді.

АМАНЖОЛ ЗАҒЫПАР, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі:

– Мектеп 5 бағыт бойынша қызмет жасайды. Осы 5 жыл ішінде түрлі жарыстарда жүлделі орындардан көріндік. 2:34/ Биыл мектептің 5 жылдығын атап өтеміз.

Шара соңында оқушылар Ерік Асқаровтың шығармаларынан үзінділер оқыды.

 

Гүлден Сембаева