Экономика және қаржы

«Қарызсыз қоғам» жобасының арқасында оқушылар ақшаларын тиімді жұмсауды үйренеді

Былтыр «Қарызсыз қоғам» жобасы Қазақстанның 8 өңірінде қолға алынды. Ал биыл барлық облысында жүзеге асып отыр. Яғни, қатысушы саны еселеп артады. Осы аптаның өзінде 6 мың адам оқыту курсынан өтеді деп жоспарланған.

ЕРҰЛАН ЖАМАУБАЕВ, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрінің міндетін атқарушы:

– Халықтың шамадан тыс несие алуы – өте өткір мәселе. Миллиондаған адам көмек пен қолдауға зәру. Еліміздегі экономикалық белсенді халықтың 15%-дан көбінде 90 күннен астам уақыт төленбей келген несие берешегі бар. Бүгін еліміздің барлық өңірінде халықтың қаржылық сауатын арттыруды көздейтін жаппай оқыту курсы бастау алды. Жоба сарапшылары әр азаматқа жеке-дара көмек көрсетеді. Ешқандай мәселе ескерусіз қалмайды.

«AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібектің айтуынша, биыл еліміздің барлық өңірінде 200 мың адамды оқыту жоспарлануда. Сондай-ақ, мектеп, колледж және жоғары оқу орнына арналған әдістемелік құралдар әзірленеді. Бұл шамамен 100 мың студент пен 450 мың оқушыны қаражатқа неғұрлым жауапты қарауға үйретеді.

ДӘУЛЕТ КӘРІБЕК, «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы:

– Бүгінде әрбір екінші қатысушының отбасындағы ортақ табысы 100 мың теңгеге де жетпейді. Сонымен қатар, курстан өткен азаматтардың үштен бірінде екі немесе одан да көп несие бар. Қатысушылар арасында баласының несиесін төлеуге мәжбүр болған зейнеткерлер де кездесті. Жобаның негізгі мақсаты – адамдарға несие ауыртпашылығын жеңілдетуге көмектесу. Жалпы, былтыр 65 мыңнан астам отандасымыз қаржылық сауатын арттырды. Енді оны 750 мың адамға жеткізуді көздеп отырмыз.

«Қарызсыз қоғамға» қатысушылардың 58%-ы – төрт немесе одан да көп бала тәрбиелеп отырған көпбалалы отбасылар. Жоба жетекшісі Ақмарал Бекмұрзаеваның сөзінше, адамдар күнделікті қажетін өтеу үшін несие рәсімдейді.

АҚМАРАЛ БЕКМҰРЗАЕВА, «Қарызсыз қоғам» жобасының жетекшісі:

– Өкінішке қарай, адамдар несиені жағдайы жақсы болғаннан алмайды. Мәселен, көмір сатып алу үшін несие рәсімдеген адамдарды да жүздестірдік. Яғни, азаматтар қарапайым қажеттілігін өтейді. Алайда, несие отбасындағы қарым-қатынасқа теріс әсер етеді. Тіпті, жобаға қатысушылардың бірі қарызға белшесінен батқандықтан, ағайын-туысы да одан сырт айналғанын айтты.

Курсқа жазылу үшін тұрғылықты жері бойынша «AMANAT» партиясының аудандық филиалына хабарласу қажет. Жобаға қатысушылар күндізгі форматта сауатын арттырып, бір топта 50 адамға дейін оқытылады. Дәрістің ұзақтығы – 5 жұмыс күні.

 

Байболат Құлтанов